Соңғы бір аптада Сүрия аумағында 300-ге жуық ресейлік сарбаз көз жұмған – деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, Сүрияның Дейр ез-Зор аумағында көз жұмғандардың барлығы ресми Кремльмен байланысы бар делінген «Вагнер» жеке әскери компаниясының жалдамалы сарбаздары. Reuters-тың «Вагнер» компаниясындағы ақпарат көзінің сөзінше, ресейлік сарбаздардың басым көпшілігі АҚШ бастаған халықаралық әскери коалицияның әуе шабуылы кезінде оққа ұшқан.
Естеріңізге салайық, ақпан айының 7-сі күні АҚШ бастаған халықаралық коалиция Башар Асад жақтастарын бомбалаған болатын. Осыдан кейін БАҚ беттерінде «АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде Сүрия аумағында соғысып жүрген ресейлік жалдамалы сарбаздар көз жұмды» - деген ақпарат тараған. Бірақ ресми Мәскеу бұл ақпаратты жоққа шығарған. Кейіннен ақпан айының 13-і күні АҚШ Қарулы күштері YouTube желісіне Сүрия аумағындағы Ресей жалдамалы әскеріне жасалған әуе шабуылының видеосын жариялаған.