Қазақстан Республикасының сыртқы борышы 2017 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 168,9 млрд. АҚШ долларын құрап, соңғы 10 жылда 74,6 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыртқы борыштың өсуі, негізінен, ел аумағындағы шетелдік компаниялар
филиалдарының мұнай-газ жобаларын іске асырумен байланысты фирмааралық берешектің (+76,7 млрд АҚШ доллар) ұлғаюы есебінен болған.
Бас банктің мәліметінше, экономиканың қаржылық емес секторының (+26,2 млрд АҚШ доллары) және Үкіметтің (+10,8 млрд АҚШ доллары) сыртқы борышының еурооблигациялар шығарумен және кредиттер мен қарыздарды тартумен байланысты ұлғаюы байқалды.
Ұлттық банктің сыртқы міндеттемелері елдің сыртқы борышы көлемінің орташа алғанда 0,6%-ын құрай отырып, іс жүзінде өзгерген жоқ.
Қаржы секторының сыртқы берешегі, негізінен, банк секторының («Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ты қоса алғанда) кредиттер және қарыздар бойынша берешегінің 37,4 млрд АҚШ долларына азаюы есебінен 39,1 млрд АҚШ долларына қысқарды.