Шығыс күнтізбесі бойынша 15-25 ақпан аралығында Қытайда Жаңа жыл (Көктем мерекесі) тойланады. Осыған байланысты "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық  халықаралық орталығындағы сауда үйлерінің көпшілігі жұмыс істемейді. Бұл туралы ШЫХО әкімшілігінен хабарланды.

"Жаңа жыл мерекесін өткізу кезінде қытайлық сауда үйлері жабылатындықтан, Қорғастың  қазақстандық бөлігіндегі  әкімшілік 15-25 ақпан аралығында тауар алуға келмей-ақ қоюға кеңес береді", - делінген хабарламада.

Мәлім болғандай, ҚР мемлекеттік шекарасы штаттық режимде жұмыс істейді.

Ал бұдан бұрын қытайлардың Көктем мерекесін атап өтуіне байланысты Қытай мен Қырғызстан арасындағы шекара да уақытша жабылғаны туралы хабарланған. Өткізу пунктері 15-21 ақпанға дейін жұмыс істемейді.

“The Qazaq Times”