Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында аймақ басшысы  Құмар Ақсақалов аграрлы аймақта ауыл шаруашылығы бағытындағы факультеттің жоқ екенін айтты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. 

«Аграрлық аймақта ауыл шаруашылығы саласы мамандарын дайындайтын факультет жоқ. Біздің балалар Көкшетау, Қостанай және Астанаға барып оқып жүр. Керісінше, бізде оқу керек, басқа өңірлерден біздің университетке келіп білім алу керек қой. Бұнда жер құнарлы, тиісінше, үздік мамандар және ғалымдар, технологиялар біздің өңірден шығу керек. Қазір университет басшылығы алдында осындай міндет тұр. Біз қазір ауыл шаруашылығы министрлігімен осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚМУ-де медициналық факультет те құрылып жатыр. Педагогика саласында мамандардың тапшылығын жою мақсатында облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 75 грант тағайындалды.

Облыс әкімі «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттерге қолдау көрсетіп,  барлығын жұмыспен қамтуды тапсырды. Қазір университетте 127 қыз-жігіт оқуларын тәмамдауға жақын. Колледждерде биыл 192 студент түлек атанады.

“The Qazaq Times”