Катар Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастығы кеңесінің АҚШ-пен бірлескен саммитіне қатысуға дайын екенін жеткізді.  Бұл туралы арнайы мәлімдеме жасаған Катардың Сыртқы Істер министрі Парсы шығанағы елдерінің келіссөздерге ашықтығына үміт артты. АҚШ-тың кәсіпкерлік институтындағы сөйлеген сөзінде шейх Мұхаммед бин Абдулрахман әл-Тани де Араб мемлекеттерімен Катар арасындағы мәселені талқылау теңдік қағидасына сүйеніп жүргізілуі керектігіне тоқталды. 

Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесі - Араб жартытүбегінің алты мемлекетінің басын қосатын экономикалық және саяси одақ. Кеңестің қатарына Бахрейн, Кувейт, Оман, Катар, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері кіреді. АҚШ пен Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесінің соңғы отырысы 2017 жылдың мамыр айында өтті. Өткен жылдың маусым айында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Египет Катарды "терроризмді қолдады"деп айыптап, онымен дипломатиялық қарым-қатынастарын үзген болатын.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы жуырда жариялаған баяндамасында Араб мемлекеттерінің Катарға таққан айыптарын "негізсіз" деп тапты. Комиссия қызметкерлері 2017 жылдың қарашасында Катарға арнайы келіп, 20 үкіметтік, 40 үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, сұхбат жүргізген. Дипломатиялық дағдарыстан бұрын, Катар халқы өзге Араб мемлекеттеріне еркін саяхаттап, "мемлекетаралық некелер" көп құрылған. Қазір Катарға орнатылған блокада бәрінен де туыстары шетелде қалған азаматтарға әсерін тигізіп отыр.

 “The Qazaq Times”