Дональд Трамп Американың Иерусалимді Израильдің астанасы деп жариялауына қарсы болған мемлекеттерді "АҚШ-тың жаулары" деп атады. Өткен жылдың 6 желтоқсанында қабылданған шешімді БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы заңды күші жоқ деп таныды. АҚШ Президентінің мәлімдемесіне негіз болған мемлекеттердің саны, шамамен - 128. Өйткені АҚШ-тың Израиль-Палестина мәселесіндегі шешімін айыптайтын резолюцияны 128 мемлекет қолдап, 7 ел қарсылық білдірген. Ал 35 мүше мемлекет дауыс беруден қалыс қалған. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды.
Дональд Трамп өз сөзінде: "Бірқатар мемлекеттер БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында АҚШ-тың Иерусалимді Израильдің астанасы деп тану құқығына қарсы дауыс берді. Американың салық төлеушілерінің қаржысынан жыл сайын бұл мемлекеттерге шетелдік көмек есебінде миллиардтаған доллар қаржы жіберіледі. Мен бүгін Конгресске Американың сыртқа кететін қаржысы мемлекетіміздің мүддесіне ғана қызмет етіп, АҚШ-тың достарына бағытталғанын қадағалауды тапсырамын", - деді.
АҚШ осыған дейін өз жауларының қатарын "терроризмді қолдаған", "ядролық қарудан бас тартпаған" мемлекеттермен ғана шектеп, ол тізімге Солтүстік Корея, Иран, Судан мен Сирияны кіргізген еді.
Әл-Жазираға пікір білдірген Мемлекеттік департамент өкілі БҰҰ қабылдаған резолюцияның Израиль мен Палестина арасында қалыптасқан дауды шешуге ешқандай үлес қоспайтынын айтқан. АҚШ-тың шешіміне қарсы шыққан мемлекеттердің қатарында Ұлыбритания, Еуроодақтың басым бөлігі, Ирак пен Ауғанстан да бар.