ВВС ақпараттық агенттігі жүргізген зерттеудің нәтижесі Ауғанстан жерінің 70 пайызына "Талибан" әскери тобы үстемдік жүргізіп отырғанын көрсетті. Ауғанстан Үкіметі мемлекет территориясының көп бөлігін өз бақылауында ұстап отырғанын айтып, қабылдаудан бас тартқан зерттеу қорытындылары аталған аумақта "Ислам мемлекеті" террористік ұйымының да ықпалы бар екенін, ал Талибандықтар 2014 жылы шетелдік әскери коалиция кеткеннен кейін, күш ала бастағанын айғақтайды. Өткен жылы өз әскерінің Ауғанстанда қала беретінін мәлімдеген АҚШ президенті Дональд Трамп "Талибан" террористік ұйымымен қандай да бір келіссөздерге келуден бас тартып отыр.
ВВС ақпараттық агенттігі ұсынған деректерге сәйкес, Талибан Ауғанстанның тек 14 ауданын (мемлекет территориясының 4%) толықтай өз иелегінде ұстағанымен, қосымша 263 аймақта (66%) белсенділік танытып отыр. Жалпы халық санының жартысына жуығы - 15 млн бейбіт тұрғын талибандықтардың қол астындағы не олар жиі шабуылдайтын өңірлерде тұрады. Жергілікті тұрғындардың бірі ВВС тілшісіне: "Мен үйден шығар кезде, қайта оралмауым мүмкін екенін үнемі ойға аламын. Талибан, терракт пен жарылыстар біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып кетті ", - деген.
ВВС ұсынған баяндамадан Талибан ұйымының негізгі бекінген аумағы оңтүстіктен елдің шығыс, солтүстік және батыс аумақтарына қарай ойысқанын көруге болады. Талибан әскери тобы 2001 жылы биліктен айырылғаннан кейін шетелдік әскери коалиция Үкіметтің қолына қайтару үшін соғысқан Гилменд өңірін 2014 жылдан кейін өз билігіне қайта алған. 2001-2014 жылдар аралығында осы аумақта 450 британдық әскери көз жұмған.
Талибан ұйымы Ауғанстан әскеріне қарсы шабуылдарын әртүрлі жиілікпен ұйымдастырады. Құрбандар саны да сәйкесінше өзгеріп отыратын жарылыстар кейде аптасына екі рет, ал кейде үш айда бір рет болады. ВВС тілшілері 122 ауданның (мемлекет территориясының 30%) Ауғанстан Үкіметінің қол астында екенін анықтады. Дегенмен бұл дерек аталған аудандарды мекендейтін халықтың өміріне еш қауіп төнбейтінін білдірмейді.
БҰҰ келтірген дерекке сәйкес, 2017 жылдың алғашқы тоғыз айында 8 мың 500 бейбіт тұрғын қаза тапқан. 2018 жылдың қаңтар айының алғашқы жартысында Кабулда 3 жарылыс болып, 130 адам мерт болған.