Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағынан осы уақытқа дейін қанша пайда тапты?
Қаңтар айының 30-ы күні премьер-министр Бақытжан Сағынтаев парламент депутаттарының «Байқоңыр ғарыш айлағынан осы уақытқа дейін ел бюджетіне қанша пайда түсті?» - деген сауалына жауап берген. Оның сөзінше, Байқоңыр ғарыш айлағы жалға берілген уақыттан бастап, осы күнге дейін ел бюджетіне 2,645 миллиард доллар пайда алып келген.
Бұдан бөлек Бақытжан Сағынтаев Байқоңыр қаласына шекаралас Төретем және Ақай елді мекендерінің қазіргі жай-күйі жөнінде мәлімдеме жасаған. Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда аталмыш елді мекендерде жол, әлеуметтік инфрақұрылым және ауызсу құбырларын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты арнайы бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұған қоса Байқоңыр қаласын туристік аймаққа айналдыруға байланысты жоба қаралу үстінде.
Естеріңізге салайық, Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге 2050 жылға дейін жалға берілген. Ресей тарапы Қазақстан халқының қарсылығына қарамастан апатқа жиі ұшырайтын "Протон" зымырандарын ұшыруын осы күнге дейін жалғастыруда.