Ислам Кәрімовтың немересі Ұлыбритания үкіметінен саяси баспана сұрады – деп хабарлайды ВВС-дің Өзбек қызметі кіші Ислам Кәрімовтың қорғаушысына сілтеме жасап.
ВВС мәліметінше, Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың немересі осыдан бір ай бұрын Ұлыбритания үкіметінен саяси баспана сұраған.
Кіші Ислам Кәрімов қазіргі таңда Лондон қаласында тұрады. Оның анасы Гүлнара Кәрімова 2015 жылдан бері Өзбекстанда қамауда отыр. Оған ел билігі «аса ірі көлемде қаржы жымқырды», «салықтан жалтарды» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыптар таққан. 2015 жылдың тамыз айында Гүланара Кәрімованы Ташкент қалалық соты аталмыш баптар бойынша кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айырған.
Естеріңізге салайық, Өзбекстан билігі Гүлнара Кәрімованың соңына әкесі Ислам Кәрімовтың тірі кезінде түскен болатын. Сол уақыттан бері ол халық алдына бір де бір рет шықпаған. Ол тіпті әкесі қайтыс болғанда да оның жерлеу ресіміне қатыспаған.