Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Ресей басшысы Владимир Путин Сүрия мәселесін талқылады – деп хабарлайды Anadolu ақпарат агенттігі.
Агенттік мәліметінше, 24 қаңтар күні Режеп Тайып Ердоған мен Владимир Путин телефон арқылы Түркия армиясының Сүриядағы әскери операциясы жөнінде сөйлескен. Сөйлесу барысында Владимир Путин ресми Анкараның Сүрия аумағында жүргізіп жатқан әскери операциясының маңызы зор екендігін тілге тиек еткен. Бұдан бөлек екі ел басшылары алдағы уақытта Сүрия дағдарысын шешуде бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласқан.
Естеріңізге салайық, қаңтар айының 20-сы күні Түркия Сүрияның Африн аумағына әскер кіргізген болатын. Кейіннен БАҚ беттерінде «Африн аумағындағы Ресей әскері Түркия армиясының шабуылынан кейін кері шегінді» деген ақпарат тараған. Бірақ Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров аталмыш ақпаратты жоққа шығарған. Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Біз бұл операция туралы ресейлік достарымызбен ақылдасқанбыз. Біздің келісімдеріміз бар» - деп мәлімдеген.