Сейсенбі күні Жапонияда өткен Транс Тынықмұхиттық келісім (TPP) жөніндегі кеңейтілген отырыста, АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттардың ұйымнан шығу шешімін жариялағаннан кейін бір жыл өткенде, ұйымға мүше 11 ел өкілдері TPP-ның жаңа сауда келісіміне қол жеткізді. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.

Ұйымға мүше 11 ел өткен жылы қараша айында, Вьетнам саммитінде келісімге келген, алайда, Канаданың оппозициясына байланысты соңғы минуттарда келіссөздер бұзылған еді.

Келіссөзге жауапты Жапонияның экономика және сауда уәзірі (министрі) Тошимитсу Мотегидің (Toshimitsu Motegi) айтуынша, мүше елдерден келген өкілдер сейсебі күні Токиода қайталай бас қосып, келісімге қол  қою үшін соңғы кедергілерді бір жайлы еткен. Оның айтуынша, 8 наурызда 11 елдің өкілі Чилидегі отырыста келісімге қол қоятын болады.

Осыдан бұрынғы келіссөз кезінде Канада жақ өз елінің мәдени өнімдерін еркін сауда келісімінен қорғау үшін келісімге кіргізбеуді үміт еткен еді. Мотогидің айтуынша, тараптар келісімге қол жеткізу үшін, Канадамен жекелеген келісімдер жасасуға келіскен. Бірақ, Канадамен жасасатын қосымша келісім мазмұндары туралы ашалап айтылмады. Бұл келісімдердің мазмұны туралы журналистер сұрағына Канаданың сауда өкілдері жауап бермеген.

Транс Тынықмұхиттық сауда келісіміне келуден жарты күн бұрын, Трамп әкімшілігі күн батареялары мен кір жуғыш машиналарға арналған импорттық тарифтер туралы жариялады. Бұл тарифтік жоспарлар Трамптың сайлау науқанынан бергі қатаң сауда саясатын тағы бір рет айқындады.

“The Qazaq Times”