АҚШ президенті Доналд Трамп бүгін Мексика шегекарасында қорған тұрғызуға нұсқау беріп, оны іске асыру жоспарларын да қарастырды. Сонымен қатар, лаңкестік пиғылдарды болдырмас үшін, Сүриядан (Сирия) кіретін босқындарға тиым салып, ел ішіндегі босқындардың қимылына шектеу қою қатарлы тапсырмалар берді. Бұларды ертерек жүзеге асыру үшін, осы аптадан бастап нақты әрекеттер жасамақ.
Өткен жылдың соңында, Трамп таққа отырғаннан кейін босқындарды шектейтіні туралы сайтымызда арнайы сараптамалық мақала жариялаған едік. Онда Мексика, Латын-Америка, Қытай, Үндістан және мұсылман елдерінен кіретін босқындарға шектеу қоятынын, оның салдары туралы өз пікірімізді айтқан болатынбыз. Трамп президенттікке отырған алғашқы апта АҚШ және оған байланысты әлем елдеріне аса маңызды болған шешімдерді қабылдаумен басталды. Кеше TPP-дан бас тартуға шешім жасаса, бүгін көршісімен арада қамал тұрғызуды бұйырды. Бұл екеуі де оның сайлау науқанында айтқан уәделерінің қатарында бар болатын.
Мексика-АҚШ шекарасы тарихтан бері Уашингтонның бас ауыруы болып келеді. Латын Америкасынан Мексиканы басып, АҚШ-қа кіретін есірткі саудасының көзге көрінбейтін «ұлы жүлгесі» ғасыр бойына қалыптасып, орныққан. Мұсылман елдеріндегі арт-артынан туылған соғыстардан кейін, бұл жол – босқындардың да заңсыз шекара аттайтын ең негізгі "соқпағы" болып келеді. Енді міне америкалықтар мүддесін қорғап, оларға берген уәдесін орындау үшін Доналд Трамп бұл шекараға қамал тұрғызуды тапсырды. Ақүй шенділерінің айтысына қарағанда, қамал құрлысына федералдық қаржылай көмек те көрсетіледі. Тіпті, осы аптадан бастап жоспарды жүзеге асыру шараларын қолға алмақ. Мұның ішінде мұсылман елдерінінен келетін босқындарға шектеу қою да қамтылған.
Трамптың бұл шешімдері АҚШ конгресінде әлі қабылданбады. Десе де, Трамп өзінің уәдесін орындағыш президент екенін әйгілеу үшін болса да, сайлау кезіндегі айтқандарын бір-бірлеп іске асырып келеді. Бұл Трамп АҚШ-ты агрессивті мінезге бағыттап отырғанын көрсетеді. Оның жасап жатқан істерінің Америка үшін кері әсерлері де бар. Алайда, бұл кері әсер жақын арада көзге көріне қоймайды. Американың оқшаулануы жылдардың өтуімен «Америка бірінші» саясатын құр айғайға айналдырмасына кім кепіл. TPP-дан бас тартқан АҚШ үшін Канада мен Мексика Солтүстік Америкадағы ең негізгі сауда серіктері еді. Мексика шекарасына қамал қою екі елдің сауда-әріптестік қатынасына тиімділік әкелмес. Ал Трамп: “қамал салу – заңсыз көші-қонды тежеудің ең маңызды шарасы” деп отыр.
“The Qazaq Times”