Түркияның Сүриядағы күрд жасақтарына қарсы әскери операциясы барысында үш түрік солдаты қаза тапты. Соғыс алаңында мерт болған азаматтардың бірінің Анкарада өткен жерлеу рәсімінде Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым әскери операцияның соңғы "террорың" (Түркия Сүриядағы күрд жасақтарын "террористік ұйымдар" қатарына қосқан) көзі жойылғанша жалғасатынын, ал Реджеп Тайып Ердоған оның жеңіспен аяқталарына күмәнсіз сенетінін мәлімдеді. Күрд жасақтарымен бірге өңірдегі "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы күрес жүргізіп келген, бір кездері оларды қаруландырған АҚШ Түркия бастаған әскери операция Сүриядағы азаматтық соғыс өртін қайта тұтандырады деп қауіптенеді. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды.
АҚШ-тың Қорғаныс министрі Джим Мэттис "Түркияның әскери қимылдары Сүриядағы "Ислам мемлекеті" сияқты лаңкестік ұйымдар мен террористік топтарға қарсы күреске кедергі келтіреді" деп, Анкараға ескерту жасады. Еуропа Одағы мен Франция мемлекеті де АҚШ-тың алаңдаушылығына қосылатынын білдірді. Ресми Анкара Сүриядағы күрд жасақтарының Түркияда ондаған жылдар бойы қарсылықтар ұйымдастырып, мыңдаған адамның өліміне себепкер болған Күрдістан жұмысшылар партиясымен тығыз байланысы барын айтып, өз шешімінің өзектілігін атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі The Observatory ұйымының хабарлауынша, Түркия тарапынан 43 әскер соғыс алаңында жан тапсырып, күрд жасақтары 38 адамынан айырылған. Баяндамада тағы 28 бейбіт тұрғынның өлімі туралы айтылады. Дегенмен Түркия өзінің тек күрд әскерін ғана нысанаға алғанын айтып, қатардағы тұрғындардың қазасын мойындамай отыр.
Анадолы ақпараттық агенттігі Түркияның шекарадан Сүрияның ішкі өңіріне қарай кіргенін, Африн аймағындағы бірнеше ауылдарды басып алғанын жазды. Сондай-ақ соңғы екі күн ішінде Сүрия жақтан атылған зымыран кесірінен Түркияның шекарада орналасқан ауылында екі бейбіт тұрғынның қаза тапқаны белгілі болды.
Түркияның Сыртқы Істер министрі Мевлют Чавушоғлы сәрсенбі күні Реджеп Тайып Ердоған мен Дональд Трамптың телефон арқылы сөйлесетінін хабарлады. Қос ел басшысы әскери операцияның барысын талқылайды деп күтілуде. Осыған дейін Түркия басшылығы Ресей әскер операцияны қолдағанын айтқан еді. Мәскеу дәл осы хабарламаны ресми растаған жоқ. Дегенмен бірқатар сарапшылар "Түркия Ресейдің келісімінсіз мұндай үлкен қадамға бармас еді" деген пікір білдірді.