Қытай үкіметі елдің ішкі аймақтарында шетелге шығатын қытайлықтарға барынша жағдай жасап отыр. Өткен бір жылда ішкі Қытайдан шетелге шыққан адам саны 60 млн адамға жетіп, шетелде құрылған қытайлық кәсіпорындар 30 мыңнан асқан. Бұған қоса, шетелдерде жұмыс істеп жатқан қытайлықтар 1 млн адам болса, студенттер 1 млн 370 мың адамды құраған. Бұл туралы «People» басылымы хабарлады.
Екі күн бұрын Бейжіңде өткен баспасөз мәслихаты кезінде, Қытай СІМ-інің консулдық қызметінің жетекшісі Го Шаучүн: «Қазір ел азаматтарына 65 елге визасыз қатынауға жағдай жасалды. Соның ішінде 10 елге тұрақты визасыз режим орнаттық, жақында тағы екі ел қосылады. Ал, 40 мемлекетпен қытайлықтардың шекарадан өткеннен кейін виза алу келісімін қолға келтірдік. 16 елдің үкіметімен Қытай азаматтарына бір бағытта (шекарадан шығу немесе кіру кезінде) виза алу келісімін жасадық. Оған қоса, 41 елмен виза мәселесін жеңілдеттік», – деген мәлімет жасады.
Қытай билігі ел ішіндегі азаматтарының шетелге шығуын жеңілдетуімен бірге, шетелдегі Қытай елшіліктерінің сол елге барған қытайлықтарға қызмет көрсетуін кемелдендіре түспек. Олардың шетелдегі Қытай елшілігі арқылы құжат бітіру қаражатын жеңілдетіп, электронды өтініш беру, паспорты жоғалған жағдайда электронды өтініш арқылы паспорт жасату сынды жаңа қызмет түрлерін қосқан.
Қытай билігінің бұл қадамы елдегі халық санымен қатар өскен әлеуметтік тағы басқа да проблемаларды шешу жолы ретінде жасауда. Яғни, бұл қытайдың «Адам экспорты саясаты» деуге болады. Өндіріс қуаты дамығанымен қоршаған ортасы мен шикізат тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігінен туындаған қиыншылықтар алдында тек тауар экспорты Қытайды асырауға қабілетсіздігін таныған қазіргі билік, елдегі халықты түрлі жолдармен сыртқа шығаруға тырысуда. Ол үшін шетелдерде кәсіпорындар мен орталықтарды көптеп құруда. Сол елдің ақпараттық сайттарының көрсетуінше, соңғы бес жылда Қытайдан шамамен 150 млн адам шетелге кеткен.