АҚШ Иранның 5 компаниясына қарсы санкция енгізді. Аталған компанияларға "Иранның ядролық бағдарламасына қатысқан" деген айып тағылып отыр. Экономикалық шектеу шарасына компаниялардың АҚШ-тағы активтеріне қолжетімділікті тоқтату және америкалықтарға аталған кәсіпорындармен байланысуға тыйым салу кіреді. Сонымен қатар АҚШ БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің күнтәртібіне Ирандағы халықтық наразылық шерулерін қоюды талап етті. Бұл туралы AFP ақпараттық агенттігі жазды. 

АҚШ-тың өтініші бойынша БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланатын Ирандағы көтеріліс мәселесін өзге мемлекеттер күн тәртібінен алып тастай алады. Әзірге Ресейден басқа, Иранның айқы қолдаушылары көрінбейді. Ресейдің Сыртқы Істер министрінің орынбасары Сергей Рябков: "Болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттар қалай өзгертіліп берілсе де, біз Ирандағы жағдай реттелетініне сенеміз", - деді.

АҚШ Президенті Дональд Трамп өткен аптада басталып, 21 адамның өліміне себеп болған көтерілісті қолдайтынын өзінің твиттердегі жазбалары арқылы білдіріп еді. Соңғы енгізілген санкциялар мен Иран мәселесін БҰҰ деңгейінде бүкіл әлемнің назарына шығаруға деген талпынысынан кейін, Иранның Сыртқы Істер министрі Мұхаммед Жавад Зарифтың: "Дональд Трамп өзінің иран халқын қалай құрметтейтінін көрсетті", - деп әжуалаған жазбасына АҚШ-тың Қорғаныс министрі Джим Маттис: "Америка халқының иран халқымен еш мәселесі жоқ. Біздің шешілмеген мәселелеріміз Иранның авторитарлық режимімен байланысты", - деп жауап берді.

“The Qazaq Times”