Дональд Трамп әкімшілігінің шамына тиетін деректерге толы Майкл Вольфтың "Fire and Fury: Inside the Trump White House" (Өрт пен ыза: Трамп Ақ үйінің ішінде) кітабы сатылымға сейсенбі күні түсуі керек болған. Бірақ бұл  Ақ үй қызметкерлерінің араласуымен  жұмаға дейін шегерілді. Дәл осындай мәлімдеме жасаған кітап авторының сөзінше, ол Дональд Трамп қорғаушыларының тарапынан үлкен қарсылыққа ұшыраған. Олар кітапта жалған ақпарат көп екенін және көп пікірлердің шынайылығы күмән тудыратынын  айтады. 

Майкл Вольф өзінің твиттер парақшасында: "Ертеңнен бастап, кітаптарды сатып алуға болады. Рақмет сізге, Президент мырза!", - деп жазды. Екі жүзге жуық сұхбат қамтылған кітап Дональд Трамптың Президент болып сайланған сәтінен бүгінгі уақытқа дейінгі мемлекет басшысы мен оның жақындарының әртүрлі әрекеттері мен айтқан сөздерін "әшкерелейді". Төменде кітапқа енген, бірден қызу пікірталас тудырған бірнеше тұжырымды назарларыңызға ұсынамыз:

  • Дональд Трамптың өзі де, оның тобы да Президент сайлауында жеңіске жеткеніне таң қалған. Кітапта жаңадан сайланған мемлекет басшысының таңданған қалпындағы фотосуреті қоса берілген.
  • Иванка Трамп пен күйеу баласы Жаред Кушнердің бірлескен жоспары бойынша, Дональд Трамптың қызы Американың бірінші әйел Президенті болуы тиіс.
  • Дональд Трампқа өзінің инаугурациясы ұнамаған.
  • Америкадағы медиа магнат Руберт Мердок Дональд Трампты "ақымақ" деп атаған, ал қазіргі Президент оны ерекше құрметтеп, ұлы адам санайды.
  • Ақ үйдің бұрынғы қызметкері Ситв Беннон Дональд Трамптың ұлының Ресей өкілдерімен кездесуін "сатқындық" деп бағалаған.
  • Дональд Трамптың бас кеңесшісі Жаред Кушнер Президент саясатындағы ең негізгі үш басым бағытты көрсету туралы сауалға жауап бере алмаған.

ВВС-дің Солтүстік Америкадағы тілшісі Джон Сопель Майкл Вольфтың кітабына "Егер бұл кітапта айтылғандардың тым болмаса жартысы шындық болса, онда шығарма ақылынан адасқан Президент пен бейберекетсіздік орнаған Ақ үй туралы" деген баға берді.

Washington Post басылымында жарық көрген ресми мәлімдемеде Дональд Трамптың қорғаушылары кітап авторынан шығарманың таралымын дереу тоқтатуға шақырады. Ескерту орындалмаған жағдайда, Президенттің қорғаушылары кітапта жалған тұжырымдар мен дәлелденбеген айыптаулар көп екенін ескеріп, авторға қарсы "жала жабу, жалған қаралау" бағыты бойынша іс қозғауға шағым түсіре алады.

“The Qazaq Times”