Иран Ислам Республикасында Жаңа жыл қарсаңында басталған ереуілдер шын мәнінде ел билігі мен әлем жұртшылығына күтпеген жаңалық болды. Ұзақ жылдардан бері Таяу Шығыста өзінің алып күш иесі екендігін дәлелдеп келе жатқан Теһранның (Тегеран) айбарлы образының осы оқиғадан кейін «алдамшы декарация» екені көрініп қалды.

Осыдан бір апта бұрын яғни желтоқсан айының 28-і күні Иран Ислам Республикасында ел халқы жаппай ереуілге шықты. Қарапайым дүкендегі жұмыртқа бағасының қымбаттауынан бастау алған шеру, ақырында ел билігіне ашық қарсылық ереуіліне ұласты. Бұл ненің белгісі? Иран халқы осыншалықты деңгейде Хасан Рухани режиміне қарсы ма? Жоқ әлде бұның артында үшінші бір күштердің қатысы бар ма? Қазіргі таңда бұған әркім әрқалай баға беруде. Бірі бұған АҚШ-тың қатысы бар десе, енді бірі бұл Иран қоғамында ұзақ жылдардан бері шешуін таппай қордаланып қалған мәселелердің дүмпуі деуде. Бұл жерде екі болжамды да жоққа шығаруға болмайды. Өйткені екеуінің де негізі бар. Мысалы бастапқыда қымбатшылықпен күресуге шақырған Иран халқы аяқ астынан Хасан Руханиден Сүрия, Ирак және Ливиядан ел әскерін шығаруды талап етті. Олардың ойынша, қымбатшылықтың артында аталмыш елдердегі әскери операцияларға кеткен миллиондаған қаржы жатыр. Бұл шынымен де солай болуы мүмкін. Себебі Иран осы уақытқа дейін Сүрияда Башар Асад билігін,  Иракта «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымына қарсы соғысып жүрген шиит полициясын қолдауға қыруар қаржы жұмсады. Бұның барлығы ел экономикасына оңай соқпағаны түсінікті. Оның үстіне мұнай бағасы қымбаттаса да, елге салынған санкциялардың белгілі бір бөлігі алынып тасталса да халықтың жағдайы оңалған жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас» қалпында қалды.

Бұдан бөлек Иран халқы осымен екінші мерзімге сайланған Хасан Руханидің артында тұрған елдің рухани көсемі Аятолла Хаменейдің ел экономикасының жартысынан көбіне иелік ететінін жақсы біледі. Рейтер агенттігі 2013 жылғы жариялаған баяндамасында Иран экономикасының тең жартысын Аятолла Хаменейге тиесілі Setad ұйымы «ашса алақанында, жұмыс жұдырығында» ұстап тұрғандығын жазған. Дәл осы жылы Setad активтерінің жалпы құны 95 млрд долларды құрағанын көзі қарақты жұрт көрді, оқыды, тәнті болды. Бірақ бұның барлығы Иран толқуындағы медальдың бір жағы ғана. Дәлірек айтқанда Иран билігіне қарсы күштердің көретін жағы ғана. Енді ресми Теһранның жақтастары мен өзі көретін жағына келсек.

Бұл жерде жоғарыда айтылған «АҚШ-тың қатысы бар» деген болжам өзінен өзі туындайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ бұл болжамды да жоққа шығаруға болмайды. Себебі Иран ұзақ жылдардан бері «АҚШ-тың көзіне шыққан теріскендей» болып келе жатқаны белгілі. Оған Иранның атом бағдарламасынан бастап, Сүрия, Ирак, Ливия елдеріндегі жағдайларға байланысты ұстанған саясатына дейінгі аралық айқын дәлел. Оның үстіне Хасан Рухани билігі соңғы уақыттары Сүрия мәселесінде Түркия мен Ресейге қосылып алып, АҚШ-ты біраз әбігерге салды. Бұл әрине Иран билігіне қарсы және қолдаушы топтардың арасындағы ақпараттық соғыстың бір көрінісі ғана екендігі белгілі. Ал бұл ақпараттық соғыста кімнің жеңіліп, кімнің жеңіске жететіні уақыт еншісіндегі дүние.

“The Qazaq Times”