Иран Революциялық гвардиясының басшысы Мұхаммед Әли Джафари елдегі Үкіметке қарсы наразылық шерулері жеңілгенін хабарлады. Ол мұндай мәлімдемені он мыңға жуық азамат мемлекеттік билікті қолдап, бүлікшілерге қарсы акцияға қатысқаннан кейін жасады. Бағалардың көтерілуін сынап, соңы Үкіметке қарсы халықтық қарсылыққа ұласқан шеру өткен аптада басталып, нәтижесінде 21 адам қаза тапты. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Генерал Мұхаммед Әли Джафари: "96-жылдың оқиғасы осыменен аяқталды", - деді парсы күнтізбесі бойынша 1396 жыл екенін ескертіп. Қауіпсіздікті қорғауға деген ұмтылыс жаулардың алабөтен ойын жүзеге асыруға жол бермегенін айтқан ол қауіпсіздік қызметкерлерінің араласу қажеттілігі өте төмен болғанын айтады. Иран Революциялық гвардиясының басшысы: "Наразылық шеруіне әр аумақта 1,5 мың шамасында ғана адамнан, бүкіл ел бойынша жалпы саны 15 мыңға жуық тұрғын қатысты", - деп хабарлады.
Генералдың пікірінше, ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті бұзуға шетелдік тыңшылар мен Иран мемлекетінің жаулары атсалысқан. Ол осы сөзі арқылы елдегі бүлікке АҚШ, Израиль, Сауд Арабиясын айыптаған Аятолла Әли Хаменейдің ойын қостады. Кінәлілердің қатарына сондай-ақ, соңғы кездері Үкімет қызметін сынап жүрген Иранның бұрынғы Президенті Махмұд Ахмадинежад та ілікті. Мемлекеттік телеарналар Керманшах, Илам, Горган қалаларында өткен Үкіметті қолдайтын демонстрациялардың бейнежазбасын таратты.
Reuters ақпараттық агенттігі Иранның Малайер қаласында көтеріліс жаңа күшпен кеше кешкісін қайта жалғасқанын айтады. Онда адамдар: "Билеуші өзін Құдай сияқты ұстайды" деп ұрандатқан. Ноушхарда өткен осындай қарсылықтардың бірінде халықтың Аятолла Әли Хаменейге қарсы "Диктаторға өлім" деп айқайлаған бейнежазбасы әлеуметтік желіден табылды.
АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің твиттердегі жазбалары арқылы Ирандағы көтерілісшілерді қолдайтынын көрсетті. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли: "Иран халқы бостандық сұрауда", - деп мәлімдеді. Қаңтар айының ортасында Дональд Трамп 2015 жылы күшін жойған экономикалық шектеу шараларынан кейін, Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізетінін не келісімді сақтап қалатынын жариялайды.