Франция Президенті Эмануэль Макрон жалған ақпараттармен күресуге арналған жаңа заң жобасының жоспарын таныстырды. Ол сайлау уақытында әлеуметтік желілердегі онлайн жарияланымдарға қойылатын талаптар күшеюі мүмкін екенін атап өтті. Францияның мемлекет басшысы осыған дейін Ресейдің БАҚ арқылы Еуропа мен АҚШ-тағы қоғамдық пікірге айтарлықтай ықпал жасауға тырысатынын айтқан болатын. Сарапшылар жаңа заңның Ресейдің ақпараттық соғысына қарсы қолданылып отырған шара екеніне сенімді. Бұл туралы ВВС ақпарат агенттігі жазды.
Нью-Йоркте өткен БАҚ өкілдерімен кездесуде Эмануэль Макрон әлеуметтік желілерде жалған ақпарат жариялау тенденциясының артып келе жатқанына тоқталды. "Бүкіл әлемде жалған мәлімет таратып, белгілі тұлғалар мен саясаткерлерді қаралауға жұмыс істейтін мыңдаған әлеуметтік желі парақшалары бар", - деді ол.
Халықты ресми расталмаған деректерден қорғау үшін ол әлеуметтік желі парақшалары контентінің ақпарат көзін тексеру мүмкіндігін енгізуді ұсынды. Сондай-ақ демеушінің тапсырмасымен жарияланатын материалдарға шек қойылуы керектігі де айтылды. "Біз демократияны жалған жаңалықтардан қорғауымыз керек", - деді Франция Президенті.
Өткен жылдың мамыр айында Эмануэль Макрон Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге өткен баспасөз конференциясында ресейлік RT және Sputnik телеарналарын жалған пропаганда таратады деп айыптаған болатын. Сол оқиғадан кейін аталған телеарналар француз тілінде жаңалық тарата бастады.