Иран Жоғары соты осыдан екі күн бұрын Ахмет Реза Жаллел атты азаматын «Израиль тыңшысы» деген айыппен өлім жазасына үкім етті. Оған тағылған айыпта «Иранның ядролық бағдарламаларына қатысты маңызды құпия мәліметтерді Израиль барлау және ақпарат органына жеткізген» делінген. Бұл туралы «People» басылымы хабарлады.

Иранның «Теһран Таймс» басылымы Теһранның (Тегеран) бас прокуроры Жафари Доулатабаридың сөзіне сілтеме жасай отырып, Ахмет Реза Жаллелдің Израиль ақпарат көздеріне 8 рет маңызды құпияларды ашқаны туралы хабарлады. «Моссад» агенттігіне Иран Қорғаныс министрлігі мен Иран Атом энергиясы мекемесінің нысандарына қатысты мәліметтерді жеткізгені туралы айтылады. Ахмет Израиль жаққа берген мәліметтері Иран атом бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекет қорғаныс стратегиясы, маңызды қорғаныс құрылғылары, Атом энергиясы ұйымы мен Қорғаныс министрлігінің лауазымдылары туралы мәліметтерді қамтыған.

ИИР үкіметінің ресми мәліметіне қарағанда, Ахмет Реза Жаллел Израиль жақтан ақша алумен бірге өзі және отбасы мүшелерін  Швеция азаматтығына өткізген. Ол өткен жылы сәуірде Иран жерінде тұтқындалған, жақында ғана мемлекеттік арнада өзінің әрекетіне өкінішін білдіріп, мәлімдеме жасаған.

Иранның ресми басылымдарының бірі жариялаған хабарда, Жаллел Израиль жаққа қатысты информациясын жеткізіп бергеннен кейін, Қорғаныс министрлігі және Атом энергиясы ұйымының екі адамы 2010 жылы қастандыққа ұшырағаны туралы жазылған.

“The Qazaq Times”