Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі 22 желтоқсан күні Солтүстік Кореяға қарсы жаңа санкцияны мақұлдады. Резолюция елдің баллистикалық зымырандарды үздіксіз ұшыруына қарсы жауап ретінде қабылданып отыр.
Резолюция бойынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Солтүстік Кореяға шеттен жылына 2 млн емес, тек 500 мың баррель жанар-жағармай жеткізіледі.
Сондай-ақ, аталған елге азық-түлік өнімдерін, ауыл шаруашылық өнімдерін, көлік, электр құрылғыларын жеткізуге тыйым салынады. Бұдан бөлек Пиоңяңға (Пхеньян) өнеркәсіп құралдары, көлік құралдары, темір, болат және басқа да металдар жеткізу тоқтатылады.
Ал шетелде жұмыс істейтін Солтүстік Корея азаматтары бір жыл ішінде елге оралуы тиіс. Тіпті 16 жеке тұлғаға қатысты виза шектеуі қойылып, олардың басқа елдердегі мүлкіне тосқауыл қойылды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяға қарсы санкцияны қатаңдату туралы резолюцияны 11 қыркүйекте қабылдаған. Бұл шектеулер мұнай мен мұнай өнімдерінің экспортымен қоса газ сұйықтықтары мен тоқыма өнімдерінің тасымалына әсер етті.