Украина ұлттық экономикасын сақтап қалу үшін тағы бірнеше жыл сырттан қарыз алуға мәжбүр. Бұл туралы мемлекет үкіметінің басшысы Владимир Гройсман ICTV телеарнасының эфирінде мәлімдеді.
"Біз бірнеше жыл бойы тәуелділік танытуға мәжбүр екенімізді түсінеміз. Өйткені бізге экономикалық өсімді ретке келтіру керек. Бірақ қарызды жинай бермей, ол бойынша есеп жүргізуіміз керек", - деді Гройсман.
Осы жылы Укринаға қаржылай көмек көрсетіп отырған халықаралық ұйымдар қаржылық қолдауды бірден азайтқан. Ал Халықаралық валюта қоры мен Еуропалық одақ Украина зейнетке шығу жасын көтеріп, жемқорлық деңгейі төмендемейінше, Киевке қаржы беруді тоқтатқан.
Украина Ұлттық банкінің мәліметінше, республика 7 млрд доллардан аса қарызын 2018-2021 жылдар аралығында жыл сайын төлеп отыру керек. Бұдан бұрын Киев сыртқы кредитті төлеу үшін жыл сайын жалпы ішкі өнімінің
4-5%-ын немесе 4-5 млрд долларын жұмсап отырған.
"Вести.Экономика" сайтының мәліметінше, Украинаның мемлекеттік қарызы осы жылдың қыркүйек айында 470 млн долларға өсіп, 77 млрд долларға жеткен.
Дегенмен Гройсман 2018 жылы елдегі орташа жалақы деңгейін 10 мың гривенге (368 доллар) көтеруге уәде берді. Ал билік болса "жалпы ішкі өнім көлемі 3%-ға өседі" деп отыр.