АҚШ-тың Жоғарғы Соты Дональд Трамптың алты мұсылман мемлекеттің азаматтарының Америкаға кіруіне тыйым салу ұсынысын қолдау туралы үкім шығарды. Жоғарғы Сот алқасының тоғыз мүшесі Чад, Иран, Сомали, Ливия, Сүрия мен Йемен азаматтарының АҚШ-қа келулеріне тыйым салуды қолдаса, Бадер Гинзбург пен Соня Сотомайор ғана Трамптың бастамасына қарсылық танытты. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Босқындар мен жоғарыда аталған мұсылман мемлекеттеріне қойылған шектеулер наразылық тудырып, ұзақ талқыға түскен болатын. Ұлттық миграция орталығының басшысы Карен Тумлин Соттың шешімін "өте нашар жаңалық" деп қабылдады. Ол мұсылман мемлекеттерінің азаматтарының құқығын қорғау үшін күрес жалғасатынын жеткізді. Осы аптада Сан-Франциско мен Ричмондтағы жергілікті апеляциялық Соттар саяси шешімнің заңды не заңсыз екенін сарапқа салады.

Дональд Трамптың миграциялық санкциялары бірнеше кезеңді қамтыды:

  • Қаңтар айында АҚШ Президенті жеті мұсылман мемлекетінің азаматтарын 90 күнге қабылдау мен босқындарды Америка территориясына кіргізуге тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды. Сүрия босқындарын да қамтыған гуманитарлық миссияға кедергі келтіретін шешім өте көп сынға тап болды.
  • Наурыз айында енгізілген өзрістер бойынша, қара тізімнен Ирак мемлекеті алынып тасталып, қос азаматтығы барлар мен "Green" картасының иелері саяси шешімнің құрбандары қатарына кірмейтін болды.
  • Қыркүйек айында Дональд Трамп жоғарыда аталған алты мұсылман елдерінің қатарына Солтүстік Корея мен Венесуэланы қосты.

Дональд Трамптың шешімін АҚШ Соттары әртүрлі қабылдады. Мэриленд штатының сот алқасының мүшесі Президенттің дәйектерін әбден "ақылға қонымды" деп тапса, Гавайдағы федералды сот жалпы саны 150 млн болатын алты мұсылман мемлекетінің азаматтарына қойылған шектеудің негізгі себебі анық еместігін айтты. Вирджиния Соты бұл жарлыққа  "Бір адамның белгілі бір топқа қарсы әрекеті неге бүкіл мемлекет азаматтарына зардабын тигізуі керек?!" деген сауалмен жауап берді.

“The Qazaq Times”