Алматы облысы Талғар қаласында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың қатысуымен "Орта білім беруді жан басына қаржыландыру " жобасының презентациясы өтті. Сондай-ақ, таныстырылымға "Қаржы орталығы" АҚ президенті Асқар Ибрагимов және Алматы облысы Талғар қаласы мектептерінің директорлары қатысты.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру 2018 жылы колледждерде, ал 2019 жылы мектептерде пилоттық жоба түрінде енгізіледі. Бұл бағдарлама бәсекелестік пен мектеп және оқу бағдарламасының сапасын арттыруға бағытталған. Негізі жоба 2012 жылдың қыркүйегінен бастап қолға алына бастаған. Ал 2013 жылдың 30 қазанында әдістеме БҒМ-ның №440 бұйрығымен бекітіліп, сол жылдан бастап пилотты жоба ретінде енгізілді. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша 73 мектепте пилотты жоба ретінде жүзеге асырылған.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасы енгізілген мекетептердің ішінде Алматы облысы Талғар қаласындағы №5,14,16,49 мектептері бар.
«2020-2021 жылдан бастап елдегі барлық толық жабдықталған мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне өтеді. Себебі біз мектептердегі әдістемені бірізді етуіміз керек. Мәселелер болса, шешу жолдарын қарастырылуы керек. Сондықтан, Талғар ауданы мектептерінің ұжымымен кездесу өткізіп жатырмыз», - деді вице-министр Бибігүл Асанова.
Ал жалпы жобаны енгізудің негізгі алғышарттары мыналар:
- Мұғалімге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі. Яғни ұстаздың жұмыс өтіліне, категориясына қарамастан оның барлық білім беру қызметінде үздік нітижелер көрсеткені үшін сыйақы төлеу;
- Бұдан мұғалім өз еңбегінің шынайы бағаланатынын көреді;
- Жан басына шаққандағы қаржыландыру мектепте жас, дарынды мұғалімдерді тартуға мүмкіндік береді. Мұғалімдерге өзін өзі дамытуға мүмкіндік туады.
- Сондай-ақ, жан басына шаққанда қаржыландыру жобасы енгізілгенге дейін сапа бойынша директор күресетін болса, енді мектеп әкімшілігі де сапаны арттыруға ат салысады.
Жобаны таныстырған "Қаржы орталығы" АҚ президенті Асқар Ибраимовтың сөзінше, бұл жобаны енгізбес бұрын халықаралық тәжірибелер қарастырылаған. Сондықтан мұны жаңа жүйе емес, білім беруде жасалып отырған жаңа қадам деп атау керек. Себебі бұл жоба әлемде танымалдыққа ие.
"Жобада мұғалім өзінің еңбекақысына байланысты қандай айырмашылық болғанын көрді деуге болады. Мектептің қамқоршылар кеңесі де жұмысқа белсенді кірісіп, директордың мұғалімдер туралы анализіне қызығушылық таныта бастады. Тіпті мектептер арасында бәсекелестік пайда болады және әркім жетістікке жетуге талпынады. Әр мұғалім жаңа нәтижеге жетуге мотивация алады" - дейді Ибраимов.
Ал Талғар қаласындағы №49 мектептің директоры Алмагүл Асанова болса алғашқы жылдары жобаны бірден бастап кету қиын болғанын айтады. Себебі алғашында миллиондаған қаржы бөлінгендіктен, оны орнымен жұмсау басты міндет болған.
"2013 жылы жоспарды орындау мақсатында мектептегі жетістікер ескеріле отырып, 24 мұғалімге қосымша ынталандыру сыйақысы берілді. Бұған қалған мұғалімдердің де қызығушылығы артты. Себебі қосымша қаржы ешкімге артық болмайды. Осылай ұжымдағы ұстаздардың шығармашылығы арта бастады", - дейді Асанова.