Сәрсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Солтүстік Кореяның зымыран сынағына байланысты шұғыл түрде кездесу өткізді. АҚШ тарабы кеңесте барлық елдерді КХДР-мен болған дипломатиялық қарым-қатынасын үзуді талап етті. Оған қоса Қытайдан Солтүстік Кореяға мұнай сатуын тоқтатуын сұрады. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.
Бұл биыл Қауіпсіздік кеңесінің 13-ші рет бас қосып, КХДР-ның баллистикалық зымырандардың жылдам даму мүмкіндігіне қалай жауап беру керектігін талқылауы. Сәрсенбі күні таңға жақын атылған зымыран Жапонияның Жапон теңізіндегі ерекше әкімшілік аймағына құлады. Мамандардың пікірінше, зымыранның бағыты мен кеңістікке көтерілу биіктігіне қарағанда, Уашингтонға шабуыл жасау үшін жасалған бір реткі сынақ деуге болады.
Қауымдастық өкілдерінің берген мәліметіне қарағанда, кезекті сынақ Солтүстік Кореяның бір жыл ішінде 3-ші рет алыс құрлықтарға жететін зымыранды сынауы. 2017 жылы Солтүстік Корея жалпы саны 20 зымыранды сынақ ретінде ұшырған.
БҰҰ-дағы АҚШ өкілі Никки Хели: «Солтүстік Кореяның қадамдары әлем елдерін соғысқа жетелейді, Құрама Штат соғысқа қадам қоймайды, бірақ соғыс туылатын болса Солтүстік Корея режимі толығымен жойылатыны сөзсіз», – деді.
Екі сағатқа созылған кезекті шұғыл отырыста кеңес мүшелері Ким Жоң Ун режиміне қысым түсіретін саяси және экономикалық әдістерді зерттеп ортаға салды. Хели Қауіпсіздік кеңеске мына әдістерді ұсынды: Солтүстік Кореяның Біріккен Ұлттар Ұйымы берген мүмкіндіктерін және дауыс беру құқығын жою; Барлық мүше-мемлекеттерге Солтүстік Кореямен дипломатиялық, академиялық және сауда қатынастарын үзуге шақыру; Барлық елдер Солтүстік Корея жұмысшыларын шығарып, Солтүстік Кореяның мұнайды импорттауға санкциялар енгізуді талап етті.
Хелидің айтуынша, қазірдің өзінде 20 мемлекет КХДР-мен қарым-қатынасын үзді. Алайда, Солтүстік Кореяда кейбір елдердің елшіліктері мен дипломатиялық қызметкерлері бар. Соның ішінде Ұлыбритания секілді АҚШ-тың одақтастары екенін де алға тартты. Мүше елдер мәселенің өзектілігін білгенімен, АҚШ ұсынған ұсыныстардың қабылдануы тым қиын екені анық. Қытай мен Ресей мұнай саудасына тыйым салу сияқты шараларға қарсы, Олардың өкілдері Солтүстік Кореяның экономикасы мен тұтынушылары, әсіресе қыс айларында, зардап шегетінін алға тартуда. Бұл отырыста пәлендей бір нақты шешім қабылданбады.