Дүйсенбі күні жарияланған айыптау актісінде АҚШ Әділет департаменті үш қытайлықтың үстінен «Moody's Analytics және Siemens AG-ге кибер-шабуыл жасап, құпия деректерді ұрлады» деген айып тақты. Олардың соңғы шабуылы 2017 жылдың мамыр айында жасалғаны анықталған. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.
Сот құжаттарында көрсетілуінше, үш хакердің мақсаты - Moody's сараптап шығарған «ықпалды экономист» талдауының деректерін қолға түсіру. 2011 жылдан бастап олар экономистердің электронды поштасына келген барлық құжаттарды өз электронды поштасына жіберіп отырған. Тек айыптау құжатында экономистердің есімдері көрсетілмеген. Үш хакер Siemens компьютерлік желілеріне шабуылдап кіріп, 407 ГБ-ға жуық жеке меншік бизнес деректерін ұрлады деп айыпталып отыр.
АҚШ Әділет департаментінің баспасөз мәлімдемешісінің айтуынша, айыпталған үш хакер Қытайда тұратындықтан АҚШ тарабы әлі қолға түсірмеген. Әділет департаменті бұл істің 2014 жылғы желілік шабуылға ұқсайтынын да алға тартты. Сол кезде АҚШ-тың үкіметтік компьютерлерінен сауда құпияларын ұрлады деген айыппен бес қытайлық әскери қызметкерді айыптаған еді. Осы айыпталған әскери қызметкерлер АҚШ жағынан тұтқындалмады, бірақ АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, күдіктілерді тауып, олардың атына айыптау тарату бұл әрекетті өнімді түрде тежейді.
Дүйсенбі күні жарияланған айыптау құжатында, үш күдіктінің Қытай үкіметімен қандай да бір байланысы туралы айтылмаған. Айыпталған У Иңжуо (Wu Yingzhuo), Доң Хау (Dong Hao) және Шя Лей (Xia Lei) атты үш Қытай азаматы Гуаңжоу қаласындағы Bo Royal Information Technology Co., Ltd. деп аталатын желілік қауіпсіздік қызмет көрстеуші компанияда жұмыс істейді. АҚШ жақ үш айыпталушыға тікелей хабарласып түсініктеме талап еткен жоқ.