Йемендегі қазіргі Үкіметті қолдаушы Сауд Арабиясы бастаған коалиция БҰҰ-ның ескертпелерінен кейін, гуманитарлық көмек үшін әуе, құрлық шекараларын ашуға рұқсат берді. Өткен аптада теңіз порттарының жұмысы жанданды. Осыған дейін басқыншы топтардың Эр-Риядқа қарсы баллистикалық зымыран қолданғаны үшін, Сауд Арабиясы Йеменге блокада орнатқан болатын.
Йемендегі Сана әуежайы мен Хұдайда порты гуманитарлық көмек жеткізілуі үшін ашылады. Экономикасының 80 пайызы импортқа тәуелді Йеменде азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты қиындықтар блокада басталған 6 қазаннан бұрын туындаған болатын. Сауд Арабиясының басшысы Мұхаммед бин Салман Риядқа қарсы атылған баллистикалық зымыранды Иран берген деген айыптау ұсынып еді. Бірақ Йемендегі "Хаутис" басқыншы тобын қолдаушы Иранның басшысы Хасан Роухани барлық болжамдарды жоққа шығарды.
Коалиция гуманитарлық көмек қабылдау бүгіннен басталатынын жеткізді. Олар сондай-ақ алдағы уақытта Йемен халқын аштықтан құтқару үшін гуманитарлық қолдау шараларын ұйымдастыру бойынша көлемді жобалары бар екенін айтты.
БҰҰ мәліметінше, 20 млн адам, оның ішінде 11 млн бала аштық қаупінде қалып отыр. 14,8 млн адам алғашқы медициналық көмекке мұқтаж. Гуманитарлық көмекке толықтай тәуелді болып отырған Йеменде әуе соққыларының себебінен 8 мың 670 адам қаза тауып, 49 мың 960 адам жараланған. Олардың 60 пайызы - бейбіт тұрғындар.