Ливанның 4 қараша күні  Эр-Риядтағы сапары барысында сырттай өз лауазымынан бас тартқан Премьер-министрі Саад Харири еліне оралды. Ливанның Президенті Мишель Аун Үкімет басшысының бұл түсініксіз қылығын Сауд Арабиясының қысым көрсетуімен байланыстырып, мұнайлы мемлекетті "Саад Харириді күштеп ұстап отыр" деп айыптаған болатын. Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы өзінің еркіндікте екенін бірнеше рет айтқан Саад Харириден Ливанның мемлекет басшысы елге оралуын талап еткен еді. 

Мишель Аун өз Премьерінің шет елде жүріп, ауызша мәлімдеме арқылы мемлекеттік қызметінен бас тартқаны құп көрмеді. Президент Ливанға келіп, арнайы жұмыстан босайтыны туралы өтініш бермейінше, Саад Хариридің ресми хабарын қабыл алмайтынын айтқан болатын. Әлемдік ақпарат құралдарында Саад Харири Бейруттың халықаралыө әуежайына түн ортасында келіп қонғаны хабарланды. Ол өзі алдын ала уәде еткендей, бүгін өтетін Ливанның 47-ші Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйымдастырылатын әскери шеруге қатысады.

Екі аптаға жуық уақыт ішінде Каир, Париж бен Әбу Дабиге сапар шегіп үлгерген Саад Харири енді өз Отанында неліктен шенінен бас тарту туралы шешім қабылдағанын және Иран мен Хезболла ұйымын айыптайтын мәлімдеме жасағанын түсіндіретін болады. Ливанмен қатар Сауд Арабиясының азаматтығына ие бұрынғы Премьер осыдан бұрын Сүрияда терроршыларға қарсы күрес жүргізіп отырған Хезболла ұйымы өңірден кетсе, отставкаға кету туралы ойынан бас тартуы мүмкін екенін хабарлаған. Хезболла ұйымының басшысы Хасан Насралла "Біз Саадты әлі де Ливанның Премьер-министрі деп есептейміз. Біз барлық диалогтар мен келіссөздерге дайынбыз" , - деді.

“The Qazaq Times”