Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сүриядағы химиялық шабуылдарға байланысты тексеруді кеңейту бойынша қарарына вето қойды. Бұл – Мәскеудің Сүрия соғысы басталғаннан бері Башар Асад билігін қолдап, Қауіпсіздік кеңесінің қарарына 10-шы рет вето қоюы деп хабарлады BBC-дің ресми сайты хабарлады.
Бұл үшін АҚШ-тың БҰҰ-дағы өкілі Никки Хейли Ресейді айыптап, Мәскеу жақ ұйымның химиялық қару қолдануды тізгіндеу шараларына тосқауыл жасап отырғанын атап айтты. Ол сөзінде: «Ресей химиялық шабуылға кім кінәлі екіні туралы тексеруді тоқтатып, болашақтағы химиялық шабуылды болдырмау үшін жасап отырған әрекетімізге бөгет жасауда», – деді.
Ал, БҰҰ-дағы Ресейдің өкілі Василий Небензия болса, Мәскеудің дағдылы жауабын қолданып, Батыс елдерін химиялық шабуылды тексеруге Батыс елдері бөгет қойды деп көрсетті. Ол сөзінде: «Кеңестегі кейбір өкілдер химиялық шабуылды тексеру туралы біз ұсынған қарарды шетке қақты. Тергеу істерінің тоқтап қалуына олар мүдделі. Олардың бар мақсаты Дамаскіні айыптау», – деді.
Бұдан бұрын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сүриядағы химиялық шабуылды тексеріп-анықтау туралы Ресейдің ұсынған жобасын қабылдамай қойған болатын. Онда Мәскеу тарабы тексеруді кеңейтуге келіскен, бірақ, комиссияның құрамын жаңартуды және БҰҰ Бірлескен тергеу механизмі (JIM) мекемесінің Хан-Шейх маңынан тапқан дәлелдерді мойындамаған еді. Бұл бірлескен мекеме Сүриядағы химиялық шабуылды анықтау үшін 2015 жылы құрылған. Аталған мекеме Сүрияның үкімет күштері елдің оңтүстік батысындағы оппозициялық топтарға бағытталған химиялық қару қолданды деген шешім шығарған болатын.