ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сот шешімі бойынша кітаптар сататын бірнеше ресейлік баспалар мен интернет-дүкендердің сайттарын бұғатады. Себебі сайттар Қазақстанда тыйым салынған кітаптарды сатуға қойған. Бұдан бөлек «экстремистік» мазмұндағы ақпарат табылғаны үшін Pikabu.ru ойын-сауық порталы да бұғатқа қойылған.
Тараған ақпаратқа сүйенсек, кітап дүкендерінің сайттарында 2013 жылы Жезқазған мен Риддер қалаларының сот шешімі бойынша экстримистік басылым ретінде танылған "Ислам Ақидасы" кітабы орналасқан. Осыған байланысты ресейлік ЭКСМО сайты бұғатталды. Сондай-ақ, Астана соты бойынша 2009 жылы Шамсудин Абу Абдулла Мухаммад ибн Каймим аль-Жаузияның «Әл-Фауаид» кітабын сақтауға және сатуға тыйым салынған еді. Алайда бұл кітап тек ЭКСМО сайтында ғана емес, Оzon, Labirint.ru және Book24.ru интернет дүкендерінде де сатылымға қойылған екен. Осыған байланысты осы сайттар да қазақстандықтар үшін қолжетімді болып отырған жоқ. Ал Ficbook.net сайты болса "Қарапайым мобильді детонаторды қалай жасауға болады?" деген кітап бар болғаны үшін бұғатталды. Себебі бұл Қазақстанда экстримистік кітап ретінде танылған. Осылайша қазіргі уақытта 5 бірдей ресейлік сайт бұғатқа қойылған.
Ал министрліктің мәліметінше, аталған интернет ресурстардың әкімшілігімен байланыс жасалып жатыр. Егер олар Қазақстанда тыйым салынған кітаптарды сайт беттерінен жойған жағдайда, онда интернет ресурстар қайта қалпына келетін болады.