Дональд Трамп өзінің Азияға сапары барысында іскерлік дүйсенбісін Солтүстік Корея мәселесіне жылы қабақ танытудан бастады. Сөзінде әдеттегідей "Бірде бір диктатор АҚШ-тың күшін бағаламай, опық жемеуі керек" деп ескерту жасаған ол КХДР-мен келіссөздер жүргізуге қарсы еместігін білдірді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Дональд Трамптың Азияға ресми сапары барысында  Солтүстік Кореямен арадағы қайшылықты қатынасы басты тақырыптардың бірі болатыны белгілі. Өйткені соңғы кезде Американың Оңтүстік Корея және Жапониямен бірлесіп жүргізген әскери-жаттығулары Солтүстік Кореяның тағы бір ядролық қару сынамасын жасауға итермелеуі мүмкін.

Дональд Трамп: "Мен кез келген адаммен бір үстел басына отыра аламын. Оны әлсіздік не мықтылық дей алмаймын. Мен Солтүстік Кореямен келіссөздерге қарсы емеспін, бірақ оны өткізуге әлі ерте сияқты", - деді.

АҚШ Президенті сондай-ақ ұшақта журналистерге берген сұхбаты барысында: "Солтүстік Корея біздің еліміз бен бүкіл әлем үшін өте үлкен мәселе және біз оны шешкіміз келеді", - деді. Одан бөлек мемлекет басшысы Солтүстік Корея азаматтарына бірінші рет: "Олар өте еңбекқор және ұлы адамдар деп ойлаймын. Олар әлем таныған кейіпіне қарағанда әлдеқайда мейірімді сияқты", -деп ерекше жылы сөз арнады.

“The Qazaq Times”