Испания билігі Каталонияның (бұрынғы) басшысы Карлес Пуджемонт пен оның жанындағы тағы 4 лауазымды тұлғаға Еуропалық тұтқындау ордерін жариялады. Бельгияда жүрген Каталонияның "бес" белсендісі автономиялық өңірдің билік өкілдерінен 9 азамат тұтқындалғаны туралы хабардан кейін, Мадридте өткен Сотқа келуден бас тартты. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Қолға түскендердің бірі 50 мың еуро кепілдеме төлеп, босатылды. Қалғандарының бәріне Каталонияда бейберекетсіздік орнатып, Орталық биліктің бұйрығын орындамағаны үшін айып тағылып отыр. Өзін әлі де өткен аптада жарияланған "Каталон Республикасының" Президенті деп атайтын Карлес Пуджемонт Брюссель телеарнасына берген сұхбатында Испаниядағы Соттың әділдігіне сенбейінше, ол жаққа оралмайтынын айтты. Сондай-ақ Карлес Пуджемонт келесі айда өтетін өңір басшысының  сайлауына қатысуға ниетті екенін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, Испаниядан тәуелсіздік алу мақсатындағы референдум қорытындысына сүйеніп, өзін дербес мемлекет деп жариялаған Каталониядағы барлық басшылар қызметінен босатылып, Орталық билік жаңа сайлау өткізетінін хабарлаған болатын.

Карлес Пуджемонтпен бірге Испания билігінің қырына іліккендердің қатарында төмендегі азаматтар бар:

  • Meritxell Serret  - Ауыл шаруашылық министрі
  • Antoni Comín - Денсаулық сақтау министрі
  • Lluís Puig - бұрынғы Мәдениет министрі
  • Clara Ponsatí - бұрынғы Білім министрі

Еуропалық тұтқындау туралы ордер Брюссельдегі прокурорларға жіберілді. Енді олар 24 сағаттың ішінде ордерді қарап, ондағы шешімнің дұрыс не бұрыстығы туралы пікірін айтуы керек.

“The Qazaq Times”