Қараша айының соңғы аптасында Қырғызстанды қос президент басқаратын болады. Алдағы уақытта Сооронбай Жээнбеков Алмазбек Атамбаевтың саясатын жалғастыра ма? Қырғызстанның сыртқы және ішкі саясатындағы жағдайлар қандай? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн көрдік.
Қараша айының 1-і күні қырғыз президентінің әкімшілігі таратқан ақпарат бойынша, Сооронбай Жээнбековтың инаугурациясы қараша айының 24-іне белгіленген. Ал Алмазбек Атамбаевтың президенттік өкілеттілігі желтоқсан айының 1-і күні аяқталады. Бұл дегеніміз қырғыз елін қараша айында бір аптаға қос президент басқарады деген сөз. Бірақ қазіргі таңда шетелдік және қырғызстандық сарапшыларды мазаламайтын мәселе бұл емес. Оларды қазір «осы уақытқа дейін Атамбаев жүргізіп келген саясатты алдағы уақытта Сооронбай Жээнбеков жалғастырады ма ?» деген сұрақ көбірек мазалайды. Бұған дейін көптеген сарапшылар "Жээнбеков президент сайлауында Атамбаевтың көмегімен жеңіске жетті. Сол себепті алдағы уақытта Атамбаев саясатын жалғастыратын болады" деген пікірде болатын. Бірақ сайлау аяқталғаннан кейін Жээнбековты сайлау кезінде Атамбаев пен Фарид Ниязов басқарған ресми штабтан бөлек, жасырын түрде інісі Асылбек Жээнбеков бастаған топтың да қолдағандығы белгілі болды. Бұдан бөлек осы уақытқа дейін Атамбаевтың айтқандарымен келісіп келген Жээнбеков, соңғы кездері оның айтқандарына қарсы пікірлер айта бастаған. Мысалы Алмазбек Атамбаев жақында ел үкіметіне Қырғызстан тауарларын ЕАЭО елдері мен Қазақстаннан бөлек мемлекеттерге сатудың жолын қарастыруды тапсырып, «ЕАЭО бір адамның көңіл-күйіне қарап жұмыс істейтін ұйым» деген болатын. Ал Сооронбай Жээнбеков болса, алдағы уақытта Қазақстан, Ресей және ЕАЭО елдерімен қарым-қатынасын нығайтатынын айтуда.
Жалпы қырғызстандық және шетелдік сарапшылардың сөзінше, қазірдің өзінде Сооронбай Жээнбеков пен Алмазбек Атамбаевтың көзқарасы екіге бөлінуде. Бұған дейін Жээнбеков «Атамбаев саясатын алдағы уақытта да жалғастыратын боламын» деп мәлімдеме жасағанымен, оның бұл жолмен жүрмейтіндігі қазірден бастап байқылып отыр. Сооронбай Жээнбековтың басқа жол таңдауына себеп те жоқ емес. Ол шамасы келгенше осы уақытқа дейін Атамбаев айтқан сөздерден өзін аулақ ұстауы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Себебі ресми Астана мен Мәскеу Атамбаев саясатын ұстанған Жээнбековтың басынан сипамасы анық. Оның үстіне Қырғызстанды Атамбаев басқарған 6 жылда елдің сыртқы саясаты бұрын соңды болмаған жағдайға жеткен. Ол осы 6 жыл ішінде Қазақстан, Ресей және ЕАЭО елдерімен арадағы қарым-қатынасын ушықтырып қана қоймай Қытаймен де шекісіп үлгерген. Атамбаевтың 6 жылда сыртқы саясатта жеткен жалғыз жетістігі ол – Өзбекстанмен достық қарым-қатынас орнатуы. Оның өзінде Өзбекстанмен жақсы қарым-қатынас орнатуына билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуі үлкен септігін тигізді. Әйтпегенде Ислам Кәрімовтың кезінде Алмазбек Атамбаев Ташкентке ресми іс-сапармен бармақ түгілі ТМД елдері басшыларының бас қосуында Өзбекстан тарапына қарсы сөз айта алмайтын еді.
Бұл енді Қырғызстанның сыртқы саясаттағы жағдайы. Ал енді оның ішікі саясатындағы жағдайларға оралсақ. Бұл жерде соңғы уақыттары Алмазбек Атамбаевтың күштік құрылымдарға көбірек басымдық беретіндігін байқауға болады. Жақында Атамбаев Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары Әбділ Сегізбаев пен Ішкі істер министрі Ұлан Исыраиловқа генерал-мойор шенін берді. Бұған дейін ол Қырғызстан бойынша ҰҚК, ІІМ, Прокуратура, сот қызметкерлеріне екі бөлмелі, үш бөлмелі пәтерлердің кілтін табыстаған болатын. Қырғызстандық сарапшылардың пікірінше, 6 жыл бойы дәрігерлер мен мұғалімдерге пәтер бермек түгілі ел қатарлы құттықтап көрмеген Атамбаев, күштік құрылым қызметкерлерін бекерден-бекер пәтермен жарылқап жатқан жоқ. Олардың ойынша, Атамбаев президенттік қызметтен кеткеннен кейін орнына келетін Жээнбековтан төнетін қауіптен қатты қорқады. Оның үстіне президенттік сайлау аяқталғалы бері Талас облысының халқы да тынышталмай тұр. Олар қазан айының 16-сынан бері шерулер өткізіп, Атамбаевтан сайлау кезінде айтқан сөздері үшін облыс жұртшылығы мен қазақ халқынан кешірім сұрауды талап етуде.
Қорыта келгенде қазіргі таңда Қырғызстандағы саяси жағдай бір қарағанда тұрақты болып көрінгенмен шын мәнінде ушығып тұрғаны белгілі. Осы уақытқа дейін «ел тәуелсіздігіне қауіп төніп тұр» деген желеумен президент сайлауында өз кандидатына дауыс бергізуді ойлап келген қырғыз билігі, енді не істерін білмей отыр. Себебі халық Сооронбай Жээнбековты таңдағанмен қоршауда қалуды таңдаған жоқ. Ал қазақ-қырғыз шекарасындағы дауды шешуде Алмазбек Атамбаев билігі қауқарсыз екендігін дәлелдеп үлгерді. Жалпы айтқанда қазір қырғыз халқының бар үміті су жаңа президент Сооронбай Жээнбековта болып тұр. Ал оның қандай саясат ұстанатынын уақыт көрсетеді.