Осы жылдың 1 қарашасына дейін лицензия қызметі тоқтатылған Delta Bank Ұлттық банктің банктердің қаржы тұрақтылығын арттыру туралы бағдарламасына қатысуға ниетті.  

Мұндай шешімге банк акционерлері кезектен тыс өткізілген жиналыста дауыс берген.

Қазақстанның қор биржасында жарияланған құжатта айтылғандай, егер Ұлттық Банк оң шешім қабылдаса, аталған банк 2,244 миллиард акцияны шығару арқылы жарияланған акцияларының санын 2,334 миллиард данаға көбейтуді жоспарлап отыр екен.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ұлттық банк бірнеше рет «Delta Bank» АҚ-тың жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашуға лицензиясын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған болатын.

Сондай-ақ, S&P халықаралық рейтинг агенттігі де банктің рейтингін бірнеше рет төмендетіп, ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингін мерзімі өткен кредиттерінің көп болуына байланысты "CC/С"-дан "D/D" деңгейіне дейін төмендеткен. Сондай-ақ, банктің ұлттық шкала бойынша да рейтингі "kzCC"-дан "D"-ға дейін түскен еді.

“The Qazaq Times”