Бүгін Қырғызстан парламентінің спикері Чыныбай Тұрсынбеков отставкаға кетті. Осыған байланысты қырғыз елінде түрлі болжамдар айтылуда. Бірі оны ел президенті Алмазбек Атамбаев жұмыстан қуып жіберді десе, бірі ол өз еркімен кетті деген ойда.
Қазан айының 25-сі күні өткен Жоғары Кеңестің кезекті отырысында Чыныбай Тұрсынбеков өзінің отставкаға кететіндігі жайында мәлімдеме жасады. Қырғызстандық сарапшылардың пікірінше, бір жарым жыл ғана спикер болып отырған Тұрсынбеков орнынан өз еркімен кетпеген. Оның қызметінен кетуіне Алмазбек Атамбаевтың қатысы бар. Өйткені Чыныбай Тұрсынбеков президент сайлауы алдында Сооронбай Жээнбековтың Қырғызстан социал-демократиялық партиясы атынан сайлауға қатысуына қарсы болған. Шілде айының 15-сі күні өткен партия съезінде Тұрсынбеков алда келе жатқан президент сайлауына партия атынан өзі қатысуға дайын екендігін айтқан. Ол тіпті Жээнбековты «өз бетімен шешім қабылдай алмайтын саясаткер» деп те атаған. Ал бұның барлығы ел президенті Алмазбек Атамбаевқа ұнамағандығы белгілі.
Қырғыз сарапшыларының ойынша, Тұрсынбеков қызметінен өз еркімен кетпеген. Оны Атамбаев жұмыстан қуған және бұл президент сайлауынан кейін билік басындағы ауыс-түйістердің басы ғана. Қазірдің өзінде Тұрсынбековтың отставкаға кетуімен қатар парламентті мерзімінен бұрын тарату жайында әңгімелер айтылуда. Бұндай қаңқу сөздердің шығуына себеп те жоқ емес. Өйткені қазіргі қырғыз парламентінің басым көпшілігін «Республика – Ата-Жұрт», «Онугуу-Прогресс» және «Ата-Мекен» оппозициялық партияларының өкілдері құрайды. Ал «Республика – Ата-Жұрт» пен «Онугуу-Прогресс» партияларының жетекшілері осы жолы президент сайлауында жеңілген Өмірбек Бабанов пен Бақыт Торобаев екендігін ескерсек, онда «алдағы уақытта Қырғыз Жоғары Кеңесі мерзімінен бұрын таратылуы мүмкін» деген сөздің жаны бар екендігіне көз жеткіземіз.
Бұдан бөлек қазіргі таңда қырғыз қоғамында Чыныбай Тұрсынбековтың орнына кім келуі мүмкін деген сұрақ жиі талқылануда. Бірақ оған жауапта жоқ емес. Қырғыз БАҚ өкілдерінің ойынша, Алмазбек Атамбаев Тұрсынбековтың орнына саясат алаңындағы жақтастарының бірі «Қырғызстан» фракциясының көшбасшысы Дастанбек Жұмабековты қоюы мүмкін. Себебі Жоғары Кеңесте «Қырғызстан социал-демокартиялық партиясының» «Қырғызстан» фракциясынан басқа одақтасы жоқ. Бірақ Тұрсынбеков журналистер алдында сөйлеген сөзінде спикер қызметінен кетсе де, парламентте қалатындығын айтқан. Ал бұл дегеніміз келесі спикер болып келетін адамға оңай тимесі анық. Бір сөзбен айтқанда алдағы уақытта бізді қырғыз саясат сахнасында Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбековтың басқаруымен жасалатын қызықты қойылымдар күтіп тұр.