Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Анкарада Еуропаға қатысты жасаған мәлімдемесі бірқатар шетелдік басылымдардың атышулы тақырыптарына айналды. Ол өз сөзінде: "Түркияға Еуропа қажет емес, Еуропаға Түркия керек" деген болатын. Бұл туралы Әл-Жазира ақпараттық агенттігі жазды. 

Түркия Еуроодаққа кіру туралы өтінішін алғаш рет 1987 жылы жасаған. Ол кезде қарастырылмай қалған бастама 2005 жылы қайта жанданды. Одан бері арада 12 жыл уақыт өтсе де, Түркия Еуроодақтың мүшесіне айналған жоқ. Соңғы кездері Еуропа басшылары мен Түркия билігі арасындағы салқын қарым-қатынас онсыз да орнынан қозғалмай тұрған процесті тағы да кешеуілдеткені белгілі. Төзімі таусылған болуы керек, Режеп Тайып Ердоған осыдан бұрын "Еуропа бізге қатысты шешімін кесіп айтсын, уақытымызды алмасын!" деп ашық мәлімдеме жасап еді.

Түркия Президенті сондай-ақ: "Еуропа Түркиясыз оқшаулану мен азаматтық бейберекетсіздікке ұшырайды. Түркияға Еуропа керек емес. Оның "созылмалы" мәселелерін шешу үшін оған біз керекпіз. Түркияда қазір нео-ұлттық партиялар белең алып келеді. Еуропа өзі орнатқан принциптерін өзі құлатып жатыр", - деді.

“The Qazaq Times”