Соңғы айларда қоғам назары қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы қайшылықтар мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігіне қарата айтқан сөздерінде болды. Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаевтың қырғыз президенттігіне үміткер болған Өмірбек Бабановпен кездесуі де қоғам талқысынан тыс қалған жоқ. Ал қазан айының 15-сі күні өткен президент сайлауы мен шекара дауы әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде бүгінге дейін өзекті болып тұр. Бірақ бүгін біз жоғарыда аталған тақырыптар жайында емес, Қырғызстандағы қазақ инвестициясы мен бизнесі жайында сөз қозғайтын боламыз.
Кеңестер одағы құлағалы 26 жыл уақыт өткені белгілі. Осы уақыт аралығында Қазақстан бизнесмендері Қырғызстанға қыруар қаржы салды десек артық айтпаспыз. Бұған дәлел ретінде төмендегі қырғызстандық компаниялар мен кәсіпорындардағы қазақ қаржысының үлес-салмағын мысалға келтірсек.
Бозымчак кен орыны. Қазіргі таңда аталмыш кен орынының қазба байлықтарын өндіру құқығын қазақстандық алпауыт «Қазақмыс» компаниясы толықтай иемденген. 2016 жылғы «Forbes» журналының есебі бойынша Қазақстанның 50 ықпалды бизнесмендерінің қатарына кіретін Владимир Ким «Қазақмыс» компаниясы арқылы Қырғызстандағы «ОсОО Kazakhmys Gold Kyrgyzstan» компаниясына ие. Бірақ аталмыш компания 2014 жылы қайта құрылудан кейін атын «KAZ Minerals PLS» деп өзгерткен. «Қазақмыс» компаниясы қайта құрудан өткеннен кейін өз иелігіндегі Қарағанды, Жезқазған, Балқаш өндіріс орындарындағы активтерін Владимир Ким мен Эдуард Огай атына тіркелген «Cuprum Holding» компаниясының иелігіне өткізген. Қырғызстан Әділет министрлігінің мәліметінше, «ҚАЗ Минералз Бозымчак» компаниясының негізін қалаушы ретінде 2015 жылдың қазан айында «Китко. Би. Ви.» компаниясы тіркелген. Естріңізде болса Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жайында пікір білдіргенде дәл осы Бозымчак кен орыны жайында сөз қозғаған болатын. Ол онда: «Біз бірінші дұрыстап таңдау жасап алайық. Біз өзі одақтамыз ба, жоқ па? Әйтпесе Оруэллдің кітабындағыдай болып тұр. Ол кітапта бір шошқа: «Аулада барлығы тең, бірақ кейбіреулері түзулеу» деген болатын. Мен қазір білмеймін кім кімге қарыз екендігін, себебі Бозымчак пен Жерүй кен орындары қазақтарға тиынға сатылды» - деген.
Қырғызстандағы Қазақстан қаржысы салынған тағы бір кәсіпорын «Оңтүстік Қырғызстан цемент зауыты». Бұл зауыт қазақстандық «Верный капитал» холдингіне тиесілі. Қазіргі таңда «Верный капитал» инвестициялық компаниясының иелігінде шикізат секторынан бастап, цемент өндіруге дейінгі аралықтағы кәсіпорындар бар. Атап айтқанда «Верный капитал» үлесі ресейлік «Преображенскнефть», қазақстандық «Орион минералс» компанияларында бар. «Верный капитал» компаниясын қазақстандық олигархтар Тимур Исатаев, Ерлан Оспанов және Гарик Микаелян құрған.
Бұдан бөлек қырғыз еліндегі Қазақстанға тиесілі тағы бір цемент өндіретін кәсіпорын «Кант цемент зауыты». Оның мажоритарлық акционерлерінің бірі United Cement Group компаниясы. Аталмыш компанияның негізгі акционері қазақстандық миллионер, 2016 жылы Forbes рейтингіне 133 000 000 доллар қаржысымен енген Айдан Кәрібжанов. Бірақ компанияның ресми сайтында 2014 жылдан бері «United Cement Group» бас директоры Вадим Кулик деп көрсетілген. Вадим Кулик бұған дейін «Халық Банк» және «Қазақтелеком» компанияларында басқарушы қызметтерде болған.
Енді Қырғызстанның телекоммуникация саласына келетін болсақ. Бұл жерде әңгіменің әлқисасы Болат Өтемұратовтан басталады. Бұлай дейтін себебіміз Ресей, Қазақстан жалпы ТМД елдеріне аты әйгілі «Belline» ұялы байланыс операторының Қырғызстандағы филиалы дәл осы Өтемұратовқа тиесілі. Ол қырғыз еліндегі «КаР-Тел» және «Sky Mobaile» компанияларының 25 және 49,9 пайыз акцияларына ие. Forbes журналының есебі бойынша 2016 жылы Өтемұратовтың байлығы 2 400 000 000 долларды құраған.
Ал Қырғызстанның медиа саласында Қазақстаннан кімдер бар дейтін болсаңыз, бұл жерде де біздің елдің азаматтарын кездестіресіз. Мысалы Қырғызстандағы НТС және MuzzOne телеарналары қазақстандық медиамагнат Арманжан Байтасовқа тиесілі. Оның иелігінде Тәуелсіз Бішкек Телеарнасы (НТС), «Медиа Холдиг Алатау», ОсОО «АРТ – Медиа Групп» компаниялары бар.
Жалпы жоғарыда аталған ірілі-ұсақты компаниялар мен кен орындарынан бөлек Қазақстан қаржысы қырғызстандық Optima Bank-ке де салынған. Оның 97,14 пайыз акциясы қазақстандық «АТФ Банкке» тиесілі. Ал «АТФ Банктің» 99,8 пайыз акциясын «KNG Finance» ЖШС компаниясы арқылы Ғалымжан Есенов басқарып отыр.
Ал Ыстықкөл жағасын айтатын болсақ, бұл жерде «Алатау» санаторийінен бастап, «Бригантина», «Орленок», «Кочконбек», «Саамал», «Қазақстан» және «Олимп» демалыс орындарына дейін Қазақстанға тиесілі. Бұған қоса 2013 жылы Ресей Қырғызстанға Манас және Ош әуежайларын «Новапорт» холдингіне ұзақ уақытқа пайдалануға беруді ұсынды. Ал ол холдинг ресейлік «Роснефть» компаниясының басшысы Роман Троценко мен қазақстандық бизнесмен Асқар Алшынбаевтың «Meridian Capital Limited» компаниясына тиесілі.
Қорыта келгенде қазіргі таңда Қырғызстанға қанша қазақ қаржысы салынғаны бізге белгісіз. Бірақ жоғарыда аталған компаниялар мен кен орындарындағы Қазақстан активтеріне қарап, Алмазбек Атамбаевтың соңғы уақыттары Қазақстан билігіне қарата не үшін сыни пікірлер айтып жүргенін аңғаруға болады. Көптеген шетелдік және Қазақстандық сарапшылардың ойынша, Атамбаевтың Ақордаға қарата түрлі пікірлер айтуының сыры қырғыз еліне салынған қазақ қаржысында жатыр. Өйткені Атамбаев Қазақстан шекарасын жапқанымен Қырғызстан еліндегі миллиондаған қаржысын тастап кете алмайтынын біледі және соны пайдаланып президент сайлауы кезінде ұпай жинау мақсатында қазақ билігіне қарата түрлі мәлімдемелер жасауда.