Ресейдің Қорғаныс министрлігі АҚШ әуе күштерінің "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымына қарсы күрес жүргізіп отырған кейіп танытқанымен, шын мәнінде олардың Ирактан Сүрияға еркін өтуіне жағдай жасап отыр деп айыптады. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Қос ел арасындағы жағдай шиеленісіп тұрған сәтте, Ресейдің Қорғаныс министрлігі: "АҚШ-тың әуе күштері қыркүйек айында лаңкестерге қарсы әуеден шабуыл жасап отырған әскери күштерінің санын қысқартты. Дәл осы уақытта Ресей қолдау көрсетіп отырған Сүрия әскері Даир-әз-Заур қаласын қайтару операциясын бастаған еді", - деп мәлімдеді.

Ресми органның хабарлауынша, Сүрия әскері үшін ең шешуші сәттердің бірінде АҚШ Ирактағы "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы күресінде осалдық танытып, содырлардың Сүриядағы соғысқа қосылуына мүмкіндік тудырды. Шекара асып жеткен жаңа күш Сүрия әскерінің жағдайын біршама қиындатты. Ресей тарапы болған жайтты АҚШ-тың қасақана жасаған әрекеті деп бағалап отыр.

“The Qazaq Times”