Қытай үкіметі мен шетелде бас сауғалап жүрген қытайлық қалталы кәсіпкер Гуо Вэнгуи арасындағы қатынас «мысық пен тышқан» ойынына ұқсайды деп жазды танымал «WSJ» басылымы. Ол қысқа ғана уақытта әлем назарын өзіне бұрды. Себебі, Қытай билігінде жемқорлықпен күрес, саяси қуғын күшейіп тұрған кезде Гуо Вэнгуидің батыл қадамдары жұртты таңқалдырды.

Алдағы өтетін бүкіл қытайлық XIX съезден бұрын Қытай үкіметі Гуо Вэнгуиді тұтқындамақ болған еді. Алайда, Гуо Вэнгуи Құрама Штатты паналап, Қытайдың құрығына оңай ілінген жоқ. Өткен аптада ол Уашингтонда өзін ақтап мәлімдеме жариялады.  Оның бұл мәлімдемесін содан бір апта бұрын жасауды жоспарлаған еді. Алайда, ол мәлімдеме жарияламақ болған Хадсон институтында ұқсас уақытта Қытай шендісі мен АҚШ дипломатының кездесуі өткізілді де, Гоның мәлімдемесі кейінге қалдырылады. Дегенмен ол осы кезде АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонға Қытай билігінен көрген қысымын жеткізген. Оған қоса өзінің Твиттер парақшасына Нью-Джерси мен Иллинойс штатының Республикашылдар партиясы жетекшілерімен түскен суреттерін жария еткен. Оның бірі Адам құқықтарына байланысты партия аралық ұйымның төрағасы.

Бұл жасаған қадамдары қуғындағы қытайлық кәсіпкердің АҚШ-тағы беделін күн сайын жоғарлата түсті. Тіпті оның әсері АҚШ-Қытай арасындағы дипломатиялық қатынасқа да әсер ете бастады. Айталық, Трамп Қытай арқылы Солтүстік Кореяның сауда-экономика жолдарын құрсаулауды ойлап отыр. Қытай басшысы болса алдағы съезде өзінің билігін бекем сақтап қалуды басты орынға қойғаны анық. Бірақ, соңғы кезде Қытай билігінің АҚШ-қа қаратқан қабағы салқын тартты. Бұған аталған қалталы кәсіпкер Гуо Вэнгуидің де ықпалы зор.

Қытай үкіметінің қуғыны мен қысымына қарамастан Гуо Вэнгуи өзінің басты мақсаты диктатуралық үкіметті құлату екенін ашық айтты. Оның бұл сөзін арнайы аудармашысы жұртқа жеткізгенде ол «Ұлы мақсатым – Қытай елін өзгерту» деген сөзін үстеді. Ол әлеуметтік желілерде қолында Қытайдың қазіргі билігіне қатысты құпия материалдардың бар екенін айтқан болатын. Көпшілік аудиториямен кездесу кезінде ұйымдастырушылар Қытай үкіметіне қатысты құпия құжат деп бір-бір парақты таратқан. Онда Қытай үкіметі тыңшыларды жіберіп, Гуо Вэнгуи мен оның жақтастарын қолға түсіру туралы айтылған.

«The Wall Street Journal» басылымы аталған құжатты АҚШ-та тұратын Қытай елшілігімен бөліскен. Алайда, елшілік бұл туралы журналистердің сұрағына жауап бермеген. Ал, Гуо Вэнгуи болса алдағы уақытта АҚШ үкіметі көптеген маңызды құпия құжаттарды тапсырып беруге дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, бұл құжаттардың ішінде Солтүстік Корея мәселесі, Қытай ішіндегі Тибет және Шынжаң автономиялы аудандарға байланысты жағымсыз дүниелер бар.

Дегенмен оның жария етпекші болған материалдарының шындыққа қаншалықты жақын екенін анықтау қиын. Қытай үкіметінің қарауынша,  Гуо Вэнгуи  – қылмыскер, сенімін жоғалтқан адам. Тамыз айында Қытай үкіметінің өкілі Associated Press-ке мәлімдеме жасап, Гуо Вэнгуидің бір басына тағылған пара беру-пара алу, ақша ұрлау, барымталау, алаяқтық, зорлау сынды 19 қылмыс бар деген болатын. Қытайдағы жеке және ұлттық компаниялары да АҚШ сотына Гуо Вэнгуидің үстінен шағымданған. Ол «The Wall Street Journal» басылымына берген сұхбатында бұл айыптаудың бәрін теріске шығарды.

Ал, Гуо Вэнгуидің алғашқы мәлімдеме жасамақ болған Хансон институтының қызметкерінің бірі «Қытай елшілігі аталған институтқа қоңырау шалып, бұл кездесуге мүмкіндік бермеуді ескерткенін» айтқан. Хадсон институтының қызметкерлері тапсырып алған хабарламада  аталған институт Гуо Вэнгуидің ашық мәлімдеме жасауын күшінен қалдыруын талап еткен. Гуо Вэнгуиді өсек-аяң таратушы және ауыр қылмыскер деп мәлімдеген. «Wall Street Journal» басылымы бұл хабарламаның толық мазмұнын қарап шыққанын айтады.

Өзге де ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, кездесу өтуден бұрын Хадсон институтына Шанхай тарабынан желілік шабуыл жасалған. Шабуылдың мақсаты сайттағы сұхбаттарды жойып жіберу екені анықталып отыр.  Шабуыл сәтсіз болған күнде де Гуо Вэнгуи жұртпен кездескен кезде институттың сайты жұмыс істемей қалған. Дегенмен институт директоры кездесудің күшінен қалуы Қытай елшілігінің талабына байланысты емес екенін айтып отыр.

“The Qazaq Times”