Қырғызстанда президенттік сайлау жақындаған сайын елдегі саяси жағдай ушыға түсуде. Ош облысында Өмірбек Бабанов жақтастарын ұрып-соғу фактілері тіркелген. Бұған қоса Ош қаласының әкімшілігі халықты Бабановпен кездесуге бармауға шақырып, агитациялық жұмыстар жүргізілуі тиіс алаңды түрлі сылтаулармен бермей қойған. Бүгін біз қырғыз елінде президент сайлауы қарсаңында болып жатқан осы және өзге де оқиғаларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

Қазан айының 3-і күні қырғызстандық «НТС» телеарнасы Ош облысында соққыға жығылған Өмірбек Бабановтың жақтастарының бірі Дурбек Әлімжанов есімді азамат жайында бейнематериал көрсеткен. Онда Әлімжанов қазан айының 1-і күні белгісіз 4 адамның өзін Қара-Су ауданына қарасты Папан ауылының шетіне апарып, Өмірбек Бабановтан 100 мың доллар көлемінде қаржы алғандығын мойындату үшін ұрып-соққандығы жайында айтқан. Кейіннен Әлімжановтың ешнәрсені мойындамайтынына көздері жеткен олар, оған президент сайлауы өткенше Ош қаласында болмауға кеңес берген.

Соққыға жығылған Дурбек Әлімжанов.

Ал Ош облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметі аталмыш оқиғаға байланысты БАҚ өкілдерінің сауалына мардымды жауап бермеген. Олардың сөзінше, Дурбек Әлімжанов осы уақытқа дейін біреуден жәбір көргені жайында құқық қорғау органдарына шағым түсірмеген. Алматмыш оқиға қыркүйектің 28-і күні Ош қаласында өткен Өмірбек Банановтың халықпен кездесуінен кейін екі күннен соң болғанын ескерсе, онда оның не себепті тиісті органдарға шағымданбағанын түсінуге болады. Өйткені дәл осы Әлімжанов бастаған Өмірбек Бабанов жақтастарының агитациялық жұмыстары жүргізуіне қыркүйектің 28-і күні жергілікті билік түрлі кедергілер жасаған. Мысалы: Бабановтың халықпен кездесуі өтуі тиіс «Әмір Темір» ауданындағы алаңды шаһар әкімшілігі ұйымдастырушыларға бермей қойған. Бірақ Бабановтың сайлау алды штабы кездесуді дәл осы ауданның басқа жерінде өткізген. Мыңнан астам адам қатысқан кездесуде Бабанов: «Мен президент болған күні елде адамның ұлтына емес, оның тәжірибесіне қарап жұмысқа алатын болады. Қырғыз, өзбек, қазақ, тәжік барлығы тең дәрежеде болады. Біздің еліміздің байлығы – көп ұлттылығында. Осы кездесуді ұйымдстыру барысында ел билігі көптеген кедергілер жасады. Адамдарды қорқытты, үркітті, ұрды-соқты, бұлай кете берсе ары қарай не болмақ ? «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлгеніміз артық» барлығымыз бірігіп елді өзгертейік» - деген.

Ош қалалық әкімшілігінің алдына Өмірбек Бабановқа қарсы қарсылық акциясына шыққан халық.

Осы кездесуден кейін әлеуметтік желілерде Өмірбек Бабановтың сөйлеген сөздерін мүлде басқа мағынада көрсететін видеороликтер таралып кеткен. Онда роликті жасаушылар Бабановтың «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлгеніміз артық. Егер де қандай да бір полиция қызметкері өзбек ұлтына тисетін болса, онда ол жұмыстан қуылатын болады» - деген контексттегі шын мәнінде болмаған дүниені халық арасына таратып жіберген. Бабанов жақтастарының ойынша, бұның барлығы Өмірбек Бабановты қырғыз халқы алдында өзбекшіл азамат ретінде көрсету мақсатында жасалған видеолар. Мұнымен қатар қазанның 3-і күні Ош қаласында 50-ге жуық адам Өмірбек Бабановқа қарсы қарсылық акциясын ұйымдастырған. Бірақ бір қызығы оларға жергілікті әкімшілік ешқандай кедергі жасамаған. Бұл соңғы екі-үш күнде болған қырғыз президент сайлауының көрінісі ғана. Ал сайлау өтетін қазан айының он бесіне дейін әлі он күн барын ескерсе, онда қырғыз елінен осыған ұқсас әлі талай жаңалық келетіні анық.

“The Qazaq Times”