Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан 5 адамның есімі белгілі болды, деп хабарлайды 24 Хабар арнасы.

Олар профессор, акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының акушер-гинекологы Патсаев Талғар Әнапиұлы мен профессор, кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог-дәрігері Артықбаев Жәнібек Түкенұлы. Сондай-ақ ұшақ командирі, Қырғызстан азаматы Цой мен Қазақстан азаматы, екінші ұшқыш Кутафин және борттехник Бейшебек Акматбаев бортта болған.

Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, ұшақ құлаған сәтте екі мәрте жарылыс болған. Содан кейін әуе көлігі лезде жанып кеткен. Апат болған маңайдағы электр бағаналары да қатты зақымданған.

Айта кетейік, кеше «Eastwing» әуекомпаниясына тиесілі Ан-28 ұшағы Алматы әуежайынан 28 шақырым қашықтықта апатқа ұшырап, борттағы бес адам да қаза тапты. Санитарлық рейс Алматыдан Шымкентке қарай ұшып шыққан. Борт кешкі сағат 18:35-те көкке көтеріліп, 18:47-де, яғни арада 12 минут өткенде байланыстан ажыраған. Кейін белгілі болғанындай, 19 сағат 15 минутта ол жерге құлайды. Қатты соққы салдарынан әуе көлігінің қалдықтары 200 метр радиусқа дейін шашырап кеткен.

“The Qazaq Times”