Бүгін Қырғызстанда танымал журналист, кезінде бұрынғы ел президенті Асқар Ақаевтың баспасөз хатшысы қызметін атқарған Қабай Қарабековтың сот отырысы өтеді. Қарабаевтың ісін Бішкек қаласының Свердловск аудандық соты қарайтын болады. Одан Қырғызстан президенттігіне үміткер, экс-премьер-министр Сооронбай Жээнбеков өзіне қатысты жалған мақала жазғаны үшін моральдық шығын ретінде 72 мың доллар көлемінде өтемақы талап етуде.
Қыркүйектің 11-і күні Қабай Қарабеков қырғызстандық интернет-ресурс «24.kg» сайтына Сооронбай Жээнбековтың туыстарына қатысты «Визит в Сочи. Кремлю вновь обьяснят, чем хорош преемник?» атты мақаласын жариялаған. Онда Қарабаев 2017 жылы маусым айында Сочи қаласында өткен Алмазбек Атамбаев пен Владимир Путиннің кездесуінде, Мәскеу ресми Бішкекке «»Жээнбеков бауырларының радикалды бағыттағы араб ұйымдарымен байланысы бар екенін астарлап жеткізгендігі» жайында жазған. Қабай Қарабаевтың ойынша, дәл сол кездесуде Ресей басшысы Владимир Путин Алмазбек Атамбаевқа қырғыз президенттігіне үміткер Сооронбай Жээнбеков бауырларының арабиялық «Әлеуметтік реформалар » ұйымымен байланысы барына алаңдаушылық білдіретінін айтқан. Аталмыш ұйымның Ресей аумағында террорлық ұйым деп танылғанын ескеретін болсақ, онда Қарабаевтың неге мұндай болжамдар жасағанын түсінуге болады. Оның үстіне бұған дейін қырғыз БАҚ беттерінде Жээнбеков бауырларының бірі Сауд Арабиясында елші екені жайында, ал екіншісінің бірнеше рет қажылыққа барып келгендігі жайында ақпараттар жарияланған.
Ал Қырғызстанның экс сыртқы істер министрі Аликбек Жекшенқұлов ресейлік телеарналардың біріне берген сұхбатында: «Соңғы уақытта ағайынды Жээнбековтар Қырғызстанда араб елдерінің көзқарасын жиі насихаттап жүр» - деп мәлімдеген. Бір қызығы Сооронбай Жээнбеков премьер-министр болып тұрған кезінде өзінің бауырларына қатысты жарияланған материалдардың авторларын сотқа бермеген. Шетелдік және қырғызстандық сарапшылардың ойынша, Жээнбековтың Қарабаевқа қысым көрсетуінің алда келе жатқан президент сайлауымен тікелей қатысы бар. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда Алмазбак Атамбаев өзінен кейін Сооронбай Жээнбековты қалдырып кету үшін биліктегі бүкіл ресурстарын пайдалануда. Олар бұған дәлел ретінде жақында биліктің криминалды топтарды пайдалану арқылы Өмірбек Бабановтың жақтастарының бірі, оппозициялық саясаткер Қанат Исаевтың қамауға алынуын мысалға келтіреді.