Өзбекстан Қазақстанға әлі де электр энергиясы үшін 11,3 млн теңге қарыз. Бұл туралы KEGOC басқарма төтағасы Бақытжан Қажиев мәлімдеді.
Бұдан бөлек, көрші елдің энергетика өкілдері қазақстандық KEGOC электр желілерін басқару компаниясына 140 млн доллардан артық (47,6 млрд теңге) сомада қарыз болған. Алайда қазіргі уақытта қарыздың көп бөлігі жабылған.
"Біз аталған елмен өзара қарым-қатынас келісімін жасағанда, өзбектердің энергетика жүйесімен келіспеушіліктер болды. Олар бізге 140 миллион доллардан астам қарыз болған. Қазір бұл мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде және осы борыштың басым бөлігі өтелді. Қазіргі кезде қарыз қалдығы - 11,3 млн теңге. Бұл кестеге сәйкес, жылдың соңына дейін төленеді", - деді Қажиев.
Сондай-ақ, ол KEGOC тарифтері 2020 жылға дейін бекітілгендіктен, қазақстандық тұтынушылар үшін электр энергетикасының бағасы әзірге өзгермейтінін айтты. Оның сөзінше, компаня жылу маусымына толық дайын.
"Қазіргі кезде Қазақстанда алдағы қысқы кезеңде өндіретін қуаттың айтарлықтай резерві бар. Сондықтан Қазақстанда тұтынушыларды электрмен жабдықтауға қатысты мәселелер жоқ. Жалпы жылу маусымына дайындық аяқталды. Негізгі энергетика орындары қалпына келтіріліп, техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілді", - деді ол.
Айта кетейік, осы аптада ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин 2018 жылдан бастап Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері жоспарлы түрде қымбаттайтынын мәлімдеген еді. Ол "Жаңа жылдан бастап біз ұзақ мерзімді жоспар бойынша тарифтерді көтере бастаймыз. Бірақ көп емес, бағаны көтеру 10 пайыздан аспайды" деген. Бұдан бөлек Президент Нұрсұлтан Назарбаев та қыркүйек айының басында елдегі "коммуналдық тарифтерді қымбаттау" туралы мәлімдеме жасаған болатын.