АҚШ Сенаты Google, Facebook және Twitter компанияларын Ресей Үкіметінің Америкадағы президенттік сайлау қорытындыларына әсер ету оқиғасына қатысы бар-жоғын анықтауға арналған ашық тыңдалымға шақырды. Осы жылдың 1 қарашасында өтетін жиында алпауыт технологиялық компаниялар өздері жинап, зерттеу комиссиясына ұсынған деректерді таныстырып, Ресейдің Дональд Трампты жасырын қолдағаны жөнінде пікір білдіреді. Бұл туралы APF ақпараттық агенттігі жазды. 

Ашық тыңдалым Ресей Америкадағы Президент сайлауына араласты деген күдікті растайтын жаңа деректердің табылуына байланысты ұйымдастырылып отыр. Аталған мәселенің ақ-қарасын ажыратуға жауаптылар америкалықтар бар шындықты жоғарыда аталған компаниялардан естігенін қалайтындарын жеткізді.

Жақында Facebook компаниясы  өткен жылы Ресеймен байланысы бар деп танылған азаматтар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында Президенттік сайлаудың барысына ықпал ететін 3 мыңға жуық жазбалар жариялап, жарнамалық контент үшін олардың 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы төлегенін анықтады.

Компания өкілдері аталған жазбалардың тікелей бір кандидаттың атын атап, белгілі бір тұлғаны қолдауға шақырмаса да, америкалық қоғамда көзқарастар қайшылығын тудырып, дауыс берушілердің арасында ерекше қолдауға ие Хиллари Клинтонның беделін төмендетуге арналған деген ой білдірді.

“The Qazaq Times”