ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин осы аптада 2018 жылдан бастап Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері жоспарлы түрде қымбаттайтынын мәлімдеген еді. Ол "Жаңа жылдан бастап біз ұзақ мерзімді жоспар бойынша тарифтерді көтере бастаймыз. Бірақ көп емес, бағаны көтеру 10 пайыздан аспайды" деген. Негізі бұл мәселе жөнінде қыркүйек айының басында-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев жалпы үкімет отырысында сөз қозғап, "біз жылу мен су тарифтерін көтермесек, инвесторлар келмейді... Одан қорқудың (тарифтерді қымбаттату - ред.) қажеті жоқ" деген. Яғни елдегі коммуналдық тарифтердің қымбаттауы Президент мәләмдемесіне тікелей байланысты болуы мүмкін. Бүгін біз осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі тарифтердің қандай екенін байқап көрдік.
Сонымен одаққа мүше елдердің статистикалық агенттіктерінің мәліметтеріне сенсек, электр қуатының тиімді бағасы Қырғызстанда, жылу тарифтері бойынша Белорусь арзан болып отыр. Ал Ресейде электр және газды қоспағанда қымбат тарифтер тұрғын үй коммуналдық қызметтің барлық түрлерінде байқалады. Қымбат баға бойынша Армения алдыңғы орында тұр.
Қазақстанда суық судың куб метрі орташа есеппен71,6 теңге, ыстық судікі 222 теңге. Ал Ресейде аталған көрсеткіштер 2-4 есеге жоғары: сәйкесінше, теңге эквивалентімен 158,2 теңге және 807,5 теңгені құрайды.
Ал Қырғызстанда орташа есеппен әрбір адам айына суық суға 277 теңге, ыстық суға 1,5 мың теңге төлейді. Егер Қазақстанда бір отбасында 3 адам тұрады десек, олар орташа есеппен 7 куб метр суық су және 5 куб метр ыстық су жұмсайды, сонда суық суға 501 теңге, ыстық суға 1,1 мың теңге төленеді. Ал Қырғызстанда бұл баға 831 және 4,5 мың теңгені құрайды.
Қазақстанда электр қуаты тұтыну көлеміне байланысты болады. Энергияны жұмсауда 100 кВт-қа кететін орташа шығын 1,5 мың теңге, максималды шығын 1,8 мың теңге. Баға электр пештерін қолданған жағдайда қымбат болады.
Ал Қырғызстанда баға бізге қарағанда әлдеқайда төмен. Бұл елдің бір ғана тұрғыны сағатына 700 кВт энергиядан аз жұмсайтын болса, 100 кВт сағат үшін 378,07 теңге төлейді. Ал егер 700 кВт-тан көп болса, 100 кВт сағат үшін 1,1 мың теңге қаржы жұмсайды. Бұл ЕАЭО елдері арасындағы ең төменгі баға.
Бұдан бөлек Қазақстанда газдың куб метрі орташа есеппен 17,05 теңгеге бағаланған. Белорусьта жылу маусымы кезінде баға біздікінен сәл ғана жоғары - 17,23 теңге. Алайда бұл елде жаз мезгілінде баға керісінше қымбаттап, шамамен газдың куб метрі 54,02 теңге болады. Қырғызстанда бір адам газға айына 807 теңге төлейді.