Қазақстанның сауда желілері мен ірілі-ұсақты көтерме саудамен айналысып жүргендердің есебіне қарағанда картоп бағасы қыс мезгілінде 250-300 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы energyprom.kz сараптамасында айтылған.
Аграрилердің сөзінше, биыл Қазақстанда да басқа елдерде де ауа райы қолайлы болмағандықтан егін көлемі көп емес. Қазіргі уақытта отандық картоптардың көтерме бағасы 55 теңгені құрайды. Ал бұрындары күз кезінде баға 35 теңгеден аспайтын.
Сараптама агенттігінің мәліметінше, өткен жылғы отынға, қосалқы бөлшектерге, гербицидтерге, тыңайтқыштарға кеткен шығындарды есептегенде бағаның өсуі орынды жағдай. Себебі 1 гектер жерге картоп өсірудің өзіне 1 млн теңгеге жуық қаржы кетеді екен.
Осы жылы орташа бір гектардан жиналатын өнім көлемі 230 центнерді құрайды. Ал көтерме баға 55 теңге болған жағдайда аграрилердің табысы көп болмайды. Сондай-ақ, картоп қоймаларға жиналған кезде оның кемінде 10 пайызы жарамсыз болады әрі қойма шығындары тағы бар. Сондықтан фермерлер бағаның көтерілуінен табыс жоғары болады деп есептейді. Болжалды баға шамамен 90-130 теңге болуы керек екен.
Бұдан бөлек, 2017 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша Қазақстанда қияр бағасы бірден 20,4 пайызға көтерілген. Бұл қиярды жинау маусымының аяқталумен байланысты.
Ал арзандаған көкөністер мыналар: пияз (24,8%), сәбіз (14,9%), қызылша мен орамжапырақ (7,7%), қызанақ (7,1%), сарымсақ (4,3%).