Ресей «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының Сүрия мен Иракта жеңіліс табуы Орталық Азияда тұрақсыздық орнатуы мүмкін деп алаңдайды.
Ресей Федерациясы «Ислам мемлекетінің» Сүрия мен Иракта жеңілуінен кейін ұйым құрамында болған Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтары елдеріне қайтуы өңір тыныштығын бұзуы мүмкін деп алаңдайды. Соңғы мәліметтер бойынша, «Ислам мемлекеті» мен «Фронт ан-Нуср» лаңкестік ұйымдарының құрамында 2012 жылдан бері 4 мыңнан астам Орталық Азия елдерінің азаматтары болған. Бірақ АҚШ ресми Мәскеудің бұл мәселеге байланысты алаңдаушылығын асыра сілтеу деп есептейді.
АҚШ сыртқы саясатындағы Ресей бойынша сарапшысы Стивен Блэнктің сөзінше, Орталық Азиядан шыққан Сүрия мен Ирак аумағында соғысып жүрген содырлардың басым көпшілігі «Ислам мемлекеті» сынды ұйымдардың құрамына Ресей арқылы келген. Олардың басым көпшілігі Ресейде мигрант болып жұмыс істегендер және олар РФ аумағында жергілікті билік өкілдері мен орыс халқынан қатты қысым көргендер. Бұл азаматтардың Ресей арқылы Орталық Азияға қайтып оралулары екі талай.
Ал АҚШ-тың Орталық Азия бойынша сарапшысы Ной Таккердің ойынша, Сүрия мен Ирактағы террорлық ұйымдардың жеңіліс табуы Орталық Азия тыныштығын бұзуы әбден мүмкін. Себебі «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының фанаттары бұған дейінде Бішкек, Алматы, Душанбе сынды қалаларда террорлық шабуылдар жасаған. Егер де Таяу Шығыстағы соғыс осы қалпында аяқталатын болса, онда лаңкестік ұйымдардың құрамында болған азаматтар елдеріне қайтып оралатындары сөзсіз. Бұл жоғарыда аталған қалаларда террорлық шабуылдардың болу қаупін екі есеге арттырады. Қазірдің өзінде Сүрия мен Иракта соғысып жүрген Орталық Азия мемлекеттері азаматтарының бір бөлігі Түркиядағы өз елдерінің елшіліктеріне барып, өз еріктерімен берілуде. Ал тағы бір бөлігі террорлық ұйымдардың құрамында әлі күнге дейін соғысып жүр.