2017 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша Қазақстандағы шағын бизнес табысы рекордтық сомаға жетті. Салық төленгенге дейін табыс 981,6 млрд теңге болған. Бұл 2016 жылдың қаңтар-маусымдағы жалпы табыс көлемінен 29,6%-ға жоғары.
Finprom.kz сараптама агенттігінің мәліметінше, ел экономикасы бірден әлсіреп кетпесе, шағын бизнестің табысы 2016 жылғыдан да көп болуы мүмкін. Былтыр корпоративті табыс салығы төленгенге дейін кәсіпкерлердің таза көрсеткіш 1,9 трлн теңгені құраған және бұл сома соңғы бес жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болған.
Табысы көбейген секторлардың бірі - тау кен ісімен айналысып жүрген шағын кәсіпорындар. Олар 159,3 млрд теңге табыс тапқан. Бөлшек және көтерме сауданың табысы - 141,6 млрд теңге.
2017 жылдың 6 айы бойынша шағын кәсіпорындардың жалпы кірісі 11,6 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 29,3%-ға көп. Агенттіктің ақпаратынша, 2010-2015 жылдар аралығында шағын бизнестегі түсім 6 трлн теңгеден аспаған, ал өткен жылы кірістің бірден өсіп кетуі инфляциямен байланысты.
Ескеретін жайт, инфляция шағын бизнес шығындарының көбеюіне де әсер етіп отыр. Осы жылы кішігірім бизнес өкілдерінің шығыны 10,6 трлн теңгеге бағаланып отыр және өткен жылмен салыстырғанда 29,3%-ға жоғары. Алайда кірістің біраз жоғары болуына байланысты шағын сектор оң нәтиже көрсете алды.
Сонымен биылғы жылы кірісі барынша өскен шағын бизсес салаларының бірі - су шаруашылығы кәсіпорындары (2,2 есеге өскен), басқа қызметтердікі 83% -ға, құрылыстікі 60% -ға ұлғайған.
Дегенмен агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, 2 тоқсанның нәтижесі бойынша, Қазақстанда кәсіпкерлердің белсенділігі төмендеп кеткен. Өзін жұмыспен қамтыған адамдар саны 200 мыңға қысқарған.