"Российская газета" басылымында табак өнімдеріне қарсы Еуразиялық коалицияның Ресей Премьер-министрі Дмитрий Медведевке қарата жазған хаты жарияланды. Колицияның мәліметінше, алдағы бес жылда Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі (ЕАЭО) табак акциздерінің құны қатты төмендеп кетуі мүмкін. Ал бұл темекі эпидемиясына, ауру мен өлім-жітімнің өсуіне әкеп соғады. Сондықтан хат авторлары мұндай жағдай болмас үшін салық көлемін көтеру керек деп есептейді.
Ертең, яғни 15 қыркүйек күні Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейдегі табак өнімдерінің акциз мөлшерлемесін қарастырады. Ал Еуразиялық коалицияның мәліметінше, ЕАЭО елдері арасындағы темекі акциздерін тағайындайтын салық саясатын енгізу қағидалары туралы келісім мәтіні не мемлекет ішінде мақұлданбаған, не ұйымға мүше елдердің денсаулық сақтау министрліктері тарапынан қаралмаған. Бұл осымен үшінші рет болып отыр екен.
"Шарт жобасы темекі өнімдерін өндірушілерінің мүдделеріне сай келетіні алаңдатады. Тіпті келісім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздеме конвенциясына да қайшы келеді", - делінген хабарламада.
Хат авторларының сөзінше, 2022 жылға қарай ЕАЭО елдерінде 1000 қорап темекінің акциз құны 35 еуро болады екен, ал бұл Еуропалық одақ елдерінде 90 еуроны құрайды. Сондықтан коалиция өкілдері Ресей премьерінен "темекі акциздерінің мөлшерлемесін еуропалық стандартқа сай етіп жасауды" сұрап отыр.