Жақында Ақмола облысының әскери соты ҚР ҰҚК-нің экс-басшысы Нартай Дүтбаевты мемлекет құпиясын жариялады және қызметін асыра пайдаланды деген айыптар бойынша кінәлі деп танып, жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырған болатын. Осыған байланысты біз Нартай Дүтбаевтың ісіне қатысты туындаған бірнеше сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн көрдік.
Нартай Дүтбаевтың жеті жыл алты айға сотталғаны жайындағы ақпарат қыркүйектің 11-і күні ҚР әскери сотының ресми сайтында жарияланды. Қазақстан мен шетелдік БАҚ өкілдерін назарын өзіне аудартқан бұл іс бойынша, Нартай Дүтбевтан бөлек, оның туыстары Нұрлан Хасенов пен Ерлан Нұртаевтың үстінен де қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. ҚР әскери сотының ресми сайты жариялаған мәліметтерге сүйенсек, ұсталғанға дейін Италиядағы Қазақстан елшілігінде қызмет істеп келген Нұрлан Хасенов 5 жылға, ал Ерлан Нұртаев үш жылға бас бостандығынан айрылған. Олардың үстінен де Дүтбаевқа тағылған айыптар бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бірақ біз бүгін Дүтбаевтың туыстары жайында емес өзі жайында сөз қозғайтын боламыз. Бүгінде Нартай Дүтбаев ісінің жабық жағдайда өтуіне байланысты толыққанды ақпараттың болмауынан ел ішінде әр түрлі пікірлер қалыптасқан. Солардың бірі «бұл оқиғаға аты шулы Әбілазовтың қатысы бар» деген пікір. Көпшілік жұрттың айтуынша, Нартай Дүтбаевтың 2003 жылы Мұхтар Әбілязовтың түрмеден босап шығуына қатысы болған. Тікелей Дүтбаевтың араласуымен Әбілазов «енді саясатпен айналыспаймын» деген уәде беру арқылы түрмеден босап шыққан. Оның үстіне Дүтбаев ҰҚК басшысы болып тұрғанда Әбілазов қаржыландыратын БАҚ беттерінде көпшіліктің қолы жете бермейтін құпия материалдар жиі жарияланатын болған. Бірақ көпшіліктің мұндай пыш-пыш әңгімесіне Францияда қуғында жүрген Мұхтар Әбілазовтың өзі Facebook парақшасында: «Мен ҰҚК тарапынан қысым көрген барлық жандарға мені кінәлап куәлік етуді сұраймын. Осы арқылы олар өзінің немесе туыстарының өмірін аман сақтап қалатын болса, онда мені айыптауға рұқсат. Бәрібір Қазақстанда маған тағылған бұндай айыптар да, сот шешімдері де батыста қабылданбайды» - деп жауап берген. Мұхтар Әбілазов осындай пікір білдірді екен деп қазақ қоғамында туындаған бұл ойды жоққа шығарып тастауға болмас, әрине. Бірақ Дүтбаев ісінің күмәнді тұстары көп болғандықтан сенімсіз болса да Әбілазовтың бұл пікірімен де санасуға тура келеді.
Ал бұл іске байланысты туындаған екінші бір пікір - ол Дүтбаевтың сотталуына билік басындағы кландардың қатысының болуы. Бұл пікірге сүйенетін болсақ, Дүтбаевтың көп білуі салдарынан темір тордың ар жағынан бірақ шыққанын аңғаруға болады. Олай дейтін себебіміз, Нартай Дүтбаев 2001-2006 жылдары аралығында ҰҚК басшысы болып тұрғанда оппозициялық саясаткерлер Алтынбек Сәрсенбев пен Заманбек Нұрқаділов өлтірілген еді. Егер де осы пікір шындыққа айналатын болса, онда Алтынбек Сәрсенбаевты «Арыстан» арнайы жасағының қызметкерлері атып өлтіргенде отставкаға кетумен құтылған Нартай Дүтбаевты саяси қарсыластары он жылдан кейін саяси аренадан мәңгілікке отставкаға жіберді деген сөз.
Қорыта келгенде қазіргі Қазақстан билігінде болып жатқан жағдайларға қарап, бүгін бостандықта жүрген адамның ертең 10-15 жыл бұрын болған оқиғалар үшін темір тордың ар жағынан бірақ шығуы әбден мүмкін екендіне көз жеткізуге болады. Жалпы өтпелі кезеңде тұрған елдегі кланаралық тартыстар кімді болсада аямайтыны белгілі. Оны өзге елдің тарихынан да, өз еліміздің тарихынан да жақсы білеміз. Билікке талас құрбандықсыз болмайтынын ескерсек, онда ұзақ уақытқа созылған Қазақстанның өтпелі кезеңінде Дүтбаев сынды әлі талай адамның үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.